Медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі кімдерге көрсетіледі?
Астана қаласындағы №8 емхананың мамандары тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі туралы түсіндірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
№8 емхананың дәрігері Назым Құрманқұлова еліміздің азаматтарына медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша қандай қызметтер көрсетілетінін емхана есебінде тұрған тұрғынның ауру тарихын мысалға келтіре отырып түсіндірді. Оның айтуынша, 60 жастан асқан науқас аталған медициналық көмекті пайдалана отырып, тегін ота жасатып, оңалту бойынша ем алуын жалғастырып жатыр.
«Мен - осы емхананың 49-аймағы дәрігерімін. Біз айтып отырған науқас емханада сегіз жылдай тіркелген, содан бері мамандардың қадағалауында. Зейнеткер 2024 жылы тізе буыны ауруымен келді. Тегін ауруханаға жатқызылып, сол жерде ақысыз ота жасалды. Ол отадан кейінгі оңалту кезеңін де біздің емханада өткізді. Науқастың бұдан басқа да бірнеше қосалқы аурулары тіркелген. Тұрғын артериалды қысымы және омыртқа жарығымен бақылауда тұр. Сонымен қатар ол қан қысымына байланысты тегін дәрілер алып тұрады және жылына екі рет күндізгі стационарда ем қабылдайды. Науқастың отадан кейін жалпы жағдайы жақсы. Балдақсыз, басқа да көмексіз өз аяғымен жүреді. Науқастың жағдайын невропатолог та, нейрохирург та бақылап отырады. Қазіргі таңда оны отадан кейінгі оңалтудың 3-кезеңіне дайындап жатырмыз», - деді Назым Құрманқұлова.
Дәрігердің айтуынша, науқастар бұдан басқа да диагноздары бойынша дәрігерлік бақылауда тұр. Оның ішінде отаға дайындалатын, тек қана диспансерлік есепте тұрып дәрі-дәрмектерін қабылдайтын және әртүрлі аурулары бар мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Олар күндізгі стационарда жылына екі рет қабылданады.
Ал аталған емхананың профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесінің меңгерушісі Жанерке Нұрахметова тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі қызметіне барлық азамат, сақтандыру дәрежесіне қарамастан, жүгіне алатынын айтты. Алайда бұл жағдайда тегін медициналық көмек белгілі бір шарттарға байланысты көрсетілмек.
«Егер науқастың сақтандыру дәрежесі болмаса, бірақ қызуы көтеріліп тұрған болса, тұмау, басқа да жіті респираторлық вирустық инфекция белгілері байқалса, онда ол сүзгі кабинетіне жүгіне алады. Сонымен қатар жарақат алғанда, өмірге қауіп төніп тұрған жағдайда тұрғын ауруханалардың қабылдау бөлімдеріне хабарласып, жедел жәрдем қызметін шақыра алады. Оның барлығы тегін түрде, сақтандыру дәрежесіне қарамастан көрсетілетін болады. Бұдан басқа науқас диспансерлік есепте тұрса, созылмалы аурулары болса, әлеуметтік маңызы бар туберкулез, АИТВ инфекциясы, қант диабеті сияқты аурулары болса, мұндайда да көмек тегін көретіледі.
Сондай-ақ 30 жастан асқан соң, әрбір 4 жылдан кейін профилактикалық тексеруден, яғни онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында жүргізілетін скринингтерден тегін өтуге мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар ересектерге де, балаларға да тегін иммунизациялау жүргізіледі», - деді Жанерке Нұрахметова.
Маманның айтуынша, кейбір жағдайда, мысалы, бейінді мамандардың, арнайы мамандардың кеңесі қажет болған жағдайда сақтандыру дәрежесі болуы - міндетті талап.
Жалпы, тегін медициналық көмек кепілдік берілген шеңберде жүзеге асады. Бұл әрбір қазақстандықтарға медициналық көмекті тең дәреже көрсетуге көмектесетін жүйе болып табылады.