СҚО-да полицейлер бір аптада марихуана өсіретін үш зертхананы анықтады
Петропавл қаласының 47 және 27 жастағы екі тұрғыны құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсірумен айналысты деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Оларды облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қылмыс үстінде ұстады. Тексеру кезінде олардың үйлерінен жарықтандыру құрылғыларымен және басқа да қажетті құралдармен жабдықталған фитозертханалары табылды», - делінген хабарламада.
Бірнеше күннен кейін осындай іс-әрекетпен айналысқан 29 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Оның пәтерінен де құрамында есірткі бар өсімдіктерді егіп-өсіруге арналған жабдықтар, тұқымдар мен қарасора өсіндісі табылды. Полицейлер барлығы 18 түп қарасора және 250 грамға жуық марихуана мен гашиш есірткі заттарын тәркілеп алды. Тергеу жүріп жатыр.