Елордадағы мектепте өткен акцияда оқушыларға заң талаптары түсіндірілді
Астана қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясында «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана қаласы әкімдігі мен «Әскери интеграциядан кейінгі қоғамдастығы» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға 100 оқушы қатысты.
Акцияны ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай іс-шараларды өткізіп тұру жас ұрпақ үшін өте маңызды. Өйткені оқушылар қоғамдық орындарда өзін қалай ұстау қажеттігін, заң талаптарын тек қана мектеп мұғалімдерінен естіп қана қоймай, сонымен бірге сала мамандарынан, қоғам белсенділерінен тыңдап білсе, ақпарат анағұрлым жақсы қабылданып, балалардың жадында сақталып қалмақ.
«Бүгін Ы.Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясы базасында «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясын өткіздік. Іс-шара аясында оқушылармен бірге тәртіп және заң тақырыптарын талқыладық. Атап айтқанда, оларға Қазақстан Республикасының заңнамаcы, жол қозғалысын сақтау ережелері, қоғамдық орындарда жүріп-тұру ережелері түсіндірілді. Соның ішінде бүгінгі қоғамымызда өзекті мәселелердің біріне айналып отырған нашақорлықпен күрес жөнінде айтылды. Яғни оқушыларға бөгде адамдардан белгісіз заттарды алмау қажеттігі, бұл нашақорлықтың жасырын тасымалы болуы мүмкін екені ескертілді. Сондай-ақ оқушылар әскер қатарына қабылдау және басқа да сұрақтар қойып, тұщымды жауап алды», - деді «Әскери интеграциядан кейінгі қоғамдастығы» қоғамдық қоры бас директорының орынбасары Ернар Жанахметов.
Спикердің айтуынша, оқушылар іс-шараға белсенді араласты және акция өзінің діттеген мақсатына жетті.