Сенаторлар елорда мектебінің жұмысымен танысты
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бибігүл Жексенбай мен Геннадий Шиповских Астана қаласының №71 мектеп-лицейінің жұмысымен танысып, ұжыммен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сенаторлар мектеп сыныптарын, асхана, спорт зал, инклюзия кабинеттерін аралады.
«Ұстаздардың ұлттың жаңа сапалық деңгейін қамтамасыз етуде рөлі үлкен. Сондықтан мемлекеттік деңгейде соңғы жылдары мектеп пен мұғалімдерге қолдау кешенді түрде жүріп жатыр. 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсіп отыр. Ұстаздардың еңбек демалысы да ұзартылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбатында айтылғандай, елімізде 2025 жылы 460 мың оқушыға есептелген 217 жаңа жайлы мектептің құрылысы жоспарланған. Оның бірқатары жыл сайын тұрғындары өсіп жатқан елордамызда салынады. Бұл үш ауысымда оқыту мәселесін барынша қысқартып, тозығы жеткен мектептер мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді», - деді сенатор Бибігүл Жексенбай.