Қозғалыс кезінде сәндік қаптамасы түскен: елордадағы аттракциондардың бірі уақытша жабылды

Әлеуметтік желіде елордадағы Ailand ойын-сауық саябағы аумағында орналасқан аттракциондардың бірінің қозғалыс кезінде сәндік қаптамасы түсіп кеткені туралы ақпарат тарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Elordainfo.kz тілшісі «Нұра» ауданы әкімдігіне сауал жолдады. Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл оқиға аттракцион механизмдерінің ақауына байланысты емес.
«Әлеуметтік желілердегі бейнематериалдарға жүргізілген мониторинг барысында Ailand ойын-сауық саябағы аумағында орналасқан аттракциондардың бірінің сыртына бекітілген сәндік қаптаманың құлағаны анықталды. Саябақ әкімшілігінің мәліметінше, бүгінде құрал-жабдықтар толық жұмыс істеп тұр. Аталған оқиға аттракцион механизмдерінің ақауына байланысты емес. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, келушілерге ешқандай қауіп төнген жоқ»,- деп жауап берді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Дегенмен, қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қызметтік тергеу жүргізу мақсатында аталған аттракционның жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылданған.
Аттракцион барлық қажетті тексерулер аяқталғанға дейін шамамен 3 күнге жабылды.



