Үндістаннан ел тарихына қатысты тың қолжазбалар әкелінді
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Үндістаннан ел тарихына қатысты тың қолжазбалар әкелінді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172077849344111742.webp)
Бүгін Астанада «Үндістан қорларындағы Орталық Азия және Қазақстан тарихына қатысты көне қолжазбалар мен архивтік деректер» атты ғылыми семинар өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Оған Қазақстандағы Үндістан елшілігі жанындағы Свами Вивекананда мәдени орталығының директоры Санджай Веди, қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми зерттеу орталығының қызметкері Өмір Тұяқбаев, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Шығыстану кафедрасының профессор Ақжігіт Әлібеков, қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми бөлімінің жетекші сарапшысы, тарих ғылымының кандидаты доценті Гүлсім Бисенова, Ұлттық академиялық кітапхана өкілдері және т.б. қатысты.
«Архив-2025» мемлекеттік жобасы аясында қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғалымдары бірнеше алыс-жақын шет мемлекеттерге ғылыми экспедициялар ұйымдастарды. Нәтижесінде Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттардың көшірмелері елге жеткен болатын. Ел тарихына қатысты құнды құжаттардың бірі әрі бірегейі - Үндістан ұлттық архивінен алынған Қазақстан тарихына қатысты құжаттар. Біз, ғылыми қызметкерлер Үндістан ұлттық архивінің Сыртқы саясат бөлімі қорларында жұмыс істедік. Экспедиция нәтижесінде қазақ тарихының қилы заман көшіне қатысты құнды деректердің көшірмесін елге әкелдік. Үндістан ұлттық архивінен елге жеткен құжаттардың хронологиялық шеңбері 1941-1949 жылдарды қамтиды. Бұл 29 іс 3700 парақтан тұрады, - деді Гүлсім Бисенова.
Семинар мақсаты – Үндістан қорларындағы Қазақстан және Орталық Азияға қатысты маңызды тарихи құжаттарды жинау және зерттеу.
Сондай-ақ Қазақстандағы Үндістан елшілігі Свами Вивекананда мәдени орталығының директоры Санджай Веди мырза Үндістанның Патна кітапханасы қорынан анықталған парсы тіліндегі «Тарих-и-Абул хаир хан» және «History of Mongols» кітаптарының көшірмелерін қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықовқа тапсырды.
Қазақстан-Үндістан арасындағы осы әріптестік ары қарай да жалғаса беретініне сенімім мол. Қазақстандағы Үндістан елшілігі Свами Вивекананда мәдени орталығы Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ұлттық академиялық кітапханамен тығыз жұмыс істейді. Бүгінгі жиынды өткізген ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Сондай-ақ барша қазақстандықтарды келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын, - деді Санджай Веди.
Жиын барысында ғылыми қызметкерлер Үндістан қорларынан анықталған деректер негізінде ортағасырлық түркі медицинасы және ХХ ғ.басындағы қазақтардың Үндістанға көші туралы анықталған қолжазбалар мен архив құжаттарының зерттелуі жайында баяндамалар жасады.