Нұра ауданының тұрғындары Астананың бас жоспарын талқылады
Бүгін Астана қаласы, Нұра ауданының тұрғындарының қатысумен 2035 жылға дейін жоспарланған елорданың бас жоспарының жобасын талқылау өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Талқылауға аудан әкімі Жүсіп Жұмағұлов, «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтының директорының орынбасары Серік Әбдірахманов, Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алмас Жанбыршы және аудан тұрғындары қатысты.
Қаламызда жыл сайын халықтың саны өсіп жатыр. Оны өздеріңіз де байқап отырсыздар. Сондықтан шаһарға жаңартылған бас жоспар қажет. Бұл бас жоспарда халықтың орналасуы, инженерлік инфрақұрылым негізге алынады. Сондай-ақ веложолдар салу да басты назарда тұр. Ауданда мектеп, аурухана секілді тұрғындарға қажетті барлық қызмет қамтылады, - деді Серік Әбдірахманов.
Сондай-ақ тұрғындар сала мамандарына сұрақтарын қойып, өз пікірлерін айтты.
Бізге балалар ойнайтын баскетбол және футбол алаңдары қажет. Балабақшалар мен мектептер жетіспейді. Мәселен, 1 мектепте 4000 бала білім алып жатыр. Тағы бір мәселе, «Үркер» шағын ауданында азық-түлік сататын шағын маркеттер мен гипермаркеттер ашыла ма? Сондай-ақ газ қашан беріледі?, - деген сұрақтар қойды елорда тұрғыны және Астана қаласы бойынша қоғамдық кеңес мүшесі Анатоллий Лян.
Бұл сұрақтарға аудан әкімі Жүсіп Жұмағұлов;
Егер инвесторлар азық-түлік гипермаркетін ашқысы келсе, онда сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы жер беруге дайын. Қазіргі кезде 2 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ал газ 2024 жылы беріледі, - деп жауап берді әкім.
Бүгінгі таңда қалада 429 балабақша жұмыс істейді. Ал бас жоспар бойынша 2035 жылға дейін 178 мектепке дейінгі мекеме ашылады. Сондай-ақ 90-нан астам медициналық ұйым халыққа қызмет ететін болады.