Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы студенттермен кездесті


Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Maqsut Narikbayev университетінің студенттерімен және Астана қаласындағы жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің тыңдаушыларымен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Агенттік төрағасы Мемлекет басшысының «Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында» деген сөзін айта келе, жастардың бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуы үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктер мен мемлекеттік қызмет жүйесінде енгізіліп жатқан жаңашылдықтармен бөлісті.
Дархан Жазықбай eQyzmet базасында мемлекеттік қызметке іріктеу толық цифрландырылып, үміткерлерге онлайн форматта, кез келген жерден өзіне қолайлы уақытта конкурстарға қатысуға жол ашылғанын айтты.
Ол Мемлекет басшысының бастамасымен 2019 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан Президенттік жастар кадр резерві – жас таланттарды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған маңызды жоба екендігін атап өтті. Бүгінде резервке қабылданған 400 адамның 79% мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда қызмет атқарып жатыр. Өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған Өңірлік кадр резерві аясында 505 жас маман іріктеліп, бүгінде олардың 95-і түрлі лауазымдарға тағайындалды. Атап өту керек, Президенттік және Өңірлік кадр резерві мүшелерінің қатарында Maqsut Narikbayev университетінің 50 түлегі бар.
Агенттік бастамасымен заңнамаға өзгеріс енгізілген уақыттан бері мемлекеттік грантпен оқып, жоғары академиялық көрсеткішке ие болған 456 жас түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындалды.
Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы аясында Жапония және Сингапур тәжірибесіне сүйене отырып, мектеп және университет деңгейін қамтитын ерте кәсіптік бағдарлау институтын құру жоспарланып отырғаны айтылды. Қатысушыларды іріктеу кезінде жоғары академиялық үлгерім мен қоғамдық өмірге белсенді қатысуы ескеріледі.
Еркін форматта өткен кездесуде студенттер Агенттік төрағасына өз сұрақтарын қойып, мемлекеттік қызметтегі жаңа бастамаларға қызығушылық танытты. Дархан Жазықбай жастарға нағыз көшбасшы болуы үшін өзін-өзі тану, басқара білу, мотивация, эмпатия, әлеуметтік дағдылар сынды бес негізгі дағдының қажеттілігін атап өтті.
Іс-шара барысында әділдік пен адалдық құндылықтарының мемлекеттік қызметте алатын орны ерекше сөз болды.
Кездесу соңында Агенттік төрағасы жастарға үлкен сенім артылатынын жеткізіп, оларды елге қызмет етуге шақырды.