Кендебай Адамбек: Астана – еліміздің жетекші туризм орталығы болу жолында


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен туризм саласына жете көңіл бөлінуде. Бұл бағытта инфрақұрылымды дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру және жалпы шетелдік туристерді тарту үшін қолайлы жағдай жасау бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Осы орайда, Астана қаласы өңірдегі ірі туристік орталықтардың бірі ретінде қарқынды дамып келеді. Халықаралық іс-шараларды өткізу, инфрақұрылымға салынған инвестициялар және мемлекеттік қолдау қаланы әлемдік деңгейдегі туристік хабқа айналдыруда.
2024 жылы Астана қаласының туристік секторы айтарлықтай өсім көрсетті. Келушілер саны 2023 жылмен салыстырғанда 14%-ға артып, 1,5 миллион адамға жетті. Негізгі туристік ағын Ресей, Қытай, Германия, Түркия, АҚШ және Оңтүстік Корея елдерінен келді.
Жалпы туризмді дамытудың негізгі бағыттарының бірі – халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру екенін ескерсек, 2024 жылы Астана қаласында 168 ірі іс-шара өткізілді. Олардың қатарында ШЫҰ саммиті, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, Comic Con Astana, ENACTUS WORLD CUP, Automechanika Astana және Eurasian Book Fair бар. Бұл іс-шаралар мыңдаған туристің келуіне ықпал етіп, қаланың экономикалық дамуына оң әсер етті.
Бұнымен қоса, 2025 жылы Astana Tourism туристік даму орталығы өз қызметін бастады. Оның негізгі мақсаты – халықаралық іс-шараларды елге тарту, туристік тартымдылықты арттыру және қонақтарға қолайлы жағдай жасау. Ерекшелігі – осы саланы дамыту үшін ұйымдастырушылар мен инвесторларға қолдау көрсету мақсатында жеңілдетілген несие беру бағдарламасы қарастырылған.
Орталықтың бастамасымен Астана қаласы Еуропалық ареналар қауымдастығына (EAA) кіруді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде әлемдік деңгейдегі концерттер мен спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Аталған шешім ірі іс-шараларды ұйымдастыратын жетекші еуропалық ареналардың топ-50 қатарына енуге себеп болады. Еуропалық қауымдастыққа мүшелікке қабылдау шараларына дайындық аясында басқарушы нысандардың менеджментін сертификаттаудан өткізіп, қажетті құжаттарды әзірлеуде. «Барыс Арена» және «Астана Арена» басқарушы нысандарының таныстырылымы 2025 жылғы наурыз айында Белфаст қаласында қауымдастық конференциясында өтеді. Бұл ынтымақтастық шарттарын келісу және интеграция мәселелерін шешудегі маңызды кезең болмақ. Қауымдастыққа кіру 2025 жылы маусымда жоспарланып отыр.
Негізі Astana Tourism туристік даму орталығы 12 стратегиялық бастаманы іске асыруда. Оған гастрономиялық, медициналық, MICE (іскерлік), өнеркәсіптік және ғылыми-білім беру туризмін дамытуға бағытталған жобалар кіреді.
Атап айтқанда, Астана қаласында гастрономиялық туризм белсенді дамуда. Қала аумағында 2 200-ден астам қоғамдық тамақтану орындары жұмыс істейді. 2024 жылы туристер арасында танымал «Сандық», «Негрони», «Дио» және басқа да мейрамханалар ашылды. Бұл бағытты дамыту мақсатында 2025 жылы «Сыроварня», «Негрони Pan-Asia», «Ауыл» және басқа да жаңа мейрамханалардың ашылуы жоспарлануда. Сонымен қатар биыл Астана қаласының 50 Best Explore халықаралық рейтингіне қатысуы көзделіп отыр.
Медициналық туризм де өз орнын ала бастады. 2024 жылы Астанаға 4 500 медициналық туристер келді. 2025 жылы бұл көрсеткіш 8 мың адамға дейін өседі деп болжануда. Қалада JCI халықаралық аккредитациясынан өткен клиникалар жұмыс істейді. ТМД елдерінен және Қытайдан науқастарды тартуға бағытталған Check-Up бағдарламасы іске асырылуда.
Астана мәдени және спорттық іс-шаралар орталығы ретінде қалыптасуда. 2025 жылы 200-ден астам ірі іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында тарихтағы ең ауқымды Counter Strike турнирі (жүлде қоры – 1,25 млн АҚШ доллары), «Опералия» халықаралық опера фестивалі және 120 мың адам қатысуы күтілетін Comic Con Astana бар.
MICE-туризм (іскерлік) бағыты да ерекше дамуда. 2024 жылы Астанада 60 мың қатысушыны қамтыған 40 халықаралық конференция мен көрме өтті. 2025 жылы бұл көрсеткішті екі есеге арттыру жоспарлануда. Бүгіннің өзінде әлемдік нейрохирургтар конгресі, Халықаралық кітапханалық қауымдастықтар федерациясының конгресі және басқа да ірі шаралардың өткізілуі расталып отыр.
Астана қаласының туристік тартымдылығын халықаралық деңгейде ілгерілету мақсатында Forbes UK, National Geographic, Aviasales сынды жетекші басылымдармен ынтымақтастық орнатылды. Сондай-ақ елорда әуежайында қаланың брендингі жүзеге асырылады. Туристер үшін ақпараттық қызметтерді жетілдіру шеңберінде заманауи цифрлық гидтер мен ақпараттық терминалдарды орнату қарастырылып жатыр.
Астана Smart City технологияларын енгізу арқылы туристер үшін қолайлы жағдай жасау үстінде. 2025 жылы жасанды интеллект негізіндегі цифрлық гидтер, Safe Travel, izi.TRAVEL, 2GIS және Tripadvisor платформаларымен біріктірілген туристік қызметтер жүйесі іске қосылады. Бұл бастамалар қызмет көрсету сапасын арттырып, қаланың туристік тартымдылығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Астана қаласы мәслихаты қаладағы маңызды жобалардың тиімділігін жүйелі бақылауда ұстап, туризм саласының дамуына айрықша көңіл бөлуде. 2024 жылы мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы «Астана қаласының туристік саласын дамыту мәселелері туралы» отырысын өткізіп, бұл саладағы бірқатар түйткілді мәселелерді анықтады.
Атап айтқанда, қалада музей гидтерінің тапшылығы сезілуде. Тарихпен терең таныстыратын арнайы қалалық музей жоқ. Саланың мамандары жеткіліксіз. Хостелдер қызметіне қойылатын талаптар реттелмеген. Инфрақұрылым да әлі де болса жеткіліксіз. Осы мәселелер мәслихат талқылауынан өтіп, қаулыға енгізіліп, тиісті басқармаларға нақты ұсыныстар жолданды.
Депутаттар туризм саласын жандандыру мақсатында түрлі халықаралық кездесулер мен форумдарға белсенді қатысуда. Олар Еуразиялық туристік қауымдастық жиындарына, Қазақ-қытай туристік бизнес-диалогына, сондай-ақ басқа да дискуссиялық алаңдарда атсалысады. Отандық туристік инфрақұрылымды жақсарту, шетелдік инвестиция тарту, елдің табиғи және мәдени мұрасын сақтау бойынша озық тәжірибелерді Астанаға енгізуде халық қалаулылары өз үлесін қосуда.
Бұнымен қоса, Астана қаласы мәслихаты бекіткен елорданың 2021-2025 даму жоспарына сай биыл туризм саласындағы бірқатар ауқымды жобалар қамтылған. 200-ден кем емес туристік нысан мен субъектіні қамтитын цифрландыруды дамыту, жаңа қонақүй кешендерін салып, қонақжайлық индустриясын 15 мың төсек-орынға дейін кеңейту көзделген.
Туризм саласындағы қызмет сапасын арттыру мақсатында қонақүйлер мен мейрамханалар қызметкерлеріне арналған шеберлік сабақтары, семинар-тренингтер ұйымдастырылмақ. Қала инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бағытында ресми туристік журналдар, қала карталары, медициналық және MICE (іскерлік туризм) каталогтары әзірленіп, олардың кемінде 10 мың данасы басып шығарылады. Сонымен қатар халықаралық туристік көрмелерге, форумдарға, конференцияларға қатысу арқылы елорданың туристік әлеуетін арттыруға басымдық беріледі. Алдағы уақытта кемінде 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
Болжамға сенсек, 2025 жылы Астанаға келетін туристер саны 1,7 миллион адамға жетеді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 3 миллионға дейін ұлғаюы мүмкін. Осылайша, елорда жетекші туристік орталықтарының бірі болуға нық қадам жасауда.
Кендебай АДАМБЕК
Астана қаласы мәслихатының депутаты



