Елордадағы отбасылық эстафетаға 50-ге жуық отбасы қатысты
Бүгін жүгіруден Триатлон саябағында отбасылық эстафета ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жүгіру жарысындағы басты ерекшелік отбасыдағы әкесі 2,3 шақырым, анасы 0,5 шақырым, баласы 0,2 шақырым қашықтықты бағындырды.
Спорттық іс-шара таңғы жаттығумен басталып, қатысушылар жарақат алып қалмау мақсатында денелерін қыздырды. Артынша бәсекені әкелер бастап, 2,3 шақырым қашықтықта сынға түсті. Бұдан кейін арнайы лента анасы және баласына беріліп, бір отбасы толық 3 шақырымды жүгіріп өтті.
«Астана қаласындағы бұқаралық сипатқа ие болған спорт түрі - жүгіру. Тек 2024 жылы ғана 40-қа жуық жүгіріс ұйымдастырылды. Ал отбасылық эстафетаны желтоқсан айында екінші рет өткіздік. 50-ге жуық отбасының қатысуын жақсы көрсеткіш деп айтар едім. Отбасының салауатты өмір салтын ұстануының арқасында келешекте спортқа жақын, тәні сау жастар қалыптасады», - деді Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ спорттық-бұқаралық іс-шараларды жоспарлау бөлімінің басшысы Көлбай Жанбек.
Балалар арасындағы бәсекеде жеңіске жету мүмкіндіктері бірдей болу үшін, балалар 8-9, 10-11, 12-13 жас санаттарына бөлінді.
«2019 жылдан бері жүгірумен тұрақты түрде айналысамын. Бастапқыда өзім, артынша отбасымды да спортқа баулыдым. Жалпы қай жерде болсам да, спорт шараларын жібермеуге тырысамын. Салауатты өмір салтын ұстанудың арқасында артық салмақтан арылып, өзімді жақсы сезінемін. Қазақстандағы барлық ірі марафондарға қатыстым. Енді әлемдік мейджорларды көздеймін. Отбасыма өзім үлгі болсам деймін», - деп Марғұлан Ермағанбетұлы атты қатысушы эмоциясымен бөлісті.
Жеңімпаздар:
8-9 жас
1-орын. Тайтілеуовтер отбасысы - 10:52
2-орын. Бондаренко отбасысы - 12:06
3-орын. Кульбаба отбасысы - 12:22
10-11 жас
1-орын. Карначевтар отбасысы - 13:07
2-орын. Габдуллиндар отбасысы - 13:11
3-орын. Аманбековтер отбасысы - 13:58
12-13 жас
1-орын - Шахметовтер отбасысы - 12:50
2-орын - Бахрушевтер отбасысы - 13:18
3-орын - Ережеповтер отбасысы - 16:05
Жарыс соңында I, II, III орын алған отбасылар теледидар, планшет, смартфон сынды бағалы сыйлықтармен марапатталып, барлық қатысушылар естелік медальдарға ие болды.