Елордада қазақ тілін оқытудың заманауи әдіс-тәсілдері бойынша қалалық семинар өтті

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру аясында жыл сайын 18 жастан асқан қала тұрғындарына арналған тегін қазақ тілі курсын тұрақты түрде өткізіп келеді. Осы орайда ересектерге қазақ тілін оқытатын оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін «Қазақ тілін оқытудың заманауи әдіс-тәсілдері» атты қалалық оқу-әдістемелік семинары ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шарада алғысөз сөйлеген Астана Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп семинардың маңызын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Семинар барысында білім саласындағы тәжірибелі тіл мамандары – Назарбаев Университетінің оқытушылары, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ӘдістемеLab басқармасының әдіскерлері, сондай-ақ қаладағы белгілі қазақ тілі оқыту орталықтарының жетекшілері өз тәжірибелерін бөлісіп, педагогтердің кәсіби өсуіне үлес қосты.
Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Арман Шеризатовтың айтуынша, қазақ тілі курсына қатысушылардың арасында ата-әжелердің қарасы қалың.
«Біз тіл курсында жыл сайын 1500 елордалықты оқытып келген болсақ, биыл олардың саны 3000-ға жетіп отыр. Қазіргі уақытта қала тұрғындарының арасында қазақ тілін үйренуге деген сұраныс жоғары. Әсіресе қазақ сыныптарында оқитын немерелеріне үй жұмысына көмектессем деген ниетпен ата-әжелері көбірек келіп жүр. Онымен қоса әртүрлі саланың мамандары мен мемлекеттік қызметкерлер бар. Біз курстарда қазақ тілімен қоса ағылшын тілін де тегін оқытамыз. Ол үшін алдын ала бүкіл әлеуметтік желілерде, сайттарда курсқа қабылдау басталғанын хабарлаймыз. Үміткерлер бізге келіп өтініш тастайды, кейін олардың тілдік деңгейі анықталып, топтарға бөлінеді. Олар аптасына 3 рет келіп, 4 айда курсты аяқтап шығады. Соңында белгілі бір тілдік деңгейді бағындырған соң, қатысушыларға сертификаттар табысталады. Келер жылы келесі тілдік кезеңді жалғастыруына болады. Биылғы курсқа қатысушыларды төртке бөліп, жылдың төрт кезеңінде оқытып шықтық. Курстар біздің оқытушыларымыздың тәжірибесіне негізделіп жазылған кітаптар бойынша оқытылады. Бұл - ҚАЗТЕСТ жүйесіне негізделген оқыту. Оқытушыларымыздың кәсіби дағдысын жетілдіру мақсатында бүгінгі семинарға да осы саланың мықты, майталман мамандарын, әдіскерлерді шақырып отырмыз», - деді Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Арман Шеризатов.
Семинарға қатысқан қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, колледждер мен мектептердің қазақ тілі мұғалімдері, сондай-ақ қалалық қазақ тілі курстарының оқытушылары қазақ тілін үйретудің жаңаша тиімді тәсілдерін меңгеріп, өзара тәжірибе алмасты.