Елордада ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының ашылуы өтті

Елордада ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының ашылуы өтті
Фото: Сұлтан Сейітов

Сары құрлықтың додасында 25 мемлекеттен 300-ден астам ауыр атлет жүлдеге таласып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бір аптаға жалғасатын жарыста жүлделер U17 және U20 жас санаттарында сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы жарысты ұйымдастырушы ел ретінде толық құраммен бақ сынайды. Ел құрамасы сапында 29 ауыр атлет бар.

Бүгін жарыстың ашылу салтанатына ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин, Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек және Халықаралық ауыр атлетика федерациясының құрметті қонақтары қатысты.

«Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде спортпен айналысуға барлық жағдай жасалды. Ауыр атлетика - мықты дәстүрі қалыптасқан спорт түрі. Қазақстанда осы спортпен 29 мыңға жуық адам тұрақты түрде айналысады. Азия чемпионатының бәсі жоғары. Себебі Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан көп медальдарды Азия құрлығының өкілдері алады. Бұл жарыс барша елдерді достыққа шақырып, жастарды спортқа баулиды деп сенемін», - деді ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Осы орайда жастарымызды қолдауға 2024 жылы әлем чемпионы атанған Нұрғиса Әділетұлы, Артем Антропов сынды атақты зілтеміршілеріміз де келді.

«Жасөспірімдермен бірге оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Енді Астана төрінде олардың өнеріне куә боламыз. Қазіргі сәтте ауыр атлетикада өзгеріс болып, салмақтар санаты ауысты. Сондықтан елорда төрінде көптеген рекордтар тіркеледі деп ойлаймын. Жерлестеріміздің арасынан Едіге Емберді, Ерасыл Сәулебеков, Денис Полубояринов сынды өздерін көрсете білген фавориттер бар. Барлығына сәттілік тілеймін», - деді әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы.

Ауыр атлетикадан Қазақстан ірі доданы қабылдамағалы біршама уақыт өткен. Тарихқа көз жүгіртсек, Астана қаласы сонау 2013 жылы ауыр атлетикадан ересектер арасындағы Азия чемпионатын ұйымдастырған.

Дәл қазіргі сәтте ауыр атлетикада Азия құрлығының бәсі өте жоғары. Мысалы, 2024 жылы өткен жаһандық додада жүлде сапасы бойынша ТОП-5 елдің қатарына Солтүстік Корея, Қытай, Қазақстан, Өзбекстан кірген.

Астанадағы бәсекеде де болашақ әлемдік көшбасшылар өз өнерімен барша жанкүйерлерді қуантуға тырысады.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы Катар астанасы Дохада өткен Азия чемпионатында жастарымыз 3 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль жеңіп алса, жасөспірімдеріміз 4 алтын, 3 күміс, 4 қоламен жалпы есепте топ жарған еді.