Астанада ұстаздар мен психологтар баланы әлеуметтік қолдау тәсілдерін талқылады

Бүгін, 16:10
Айман Нығмет Айман Нығмет
views73
Астанада ұстаздар мен психологтар баланы әлеуметтік қолдау тәсілдерін талқылады
Фото: Айман Нығмет

Астанада республикалық білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясы аясында «Смарт-ұлт трансформациясы жағдайында баланың жеке тұлғалық өсу ресурсы ретінде үйлесімді менторлық» тақырыбында панельдік сессия өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жиынға Оқу-ағарту министрлігінің, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар еліміздің 20 өңіріндегі психологиялық қолдау орталықтарының директорлары, білім беру ұйымдарының басшылары, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтер, ата-аналар қауымдастығы мен сарапшылар бас қосты.


Іс-шара білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, сондай-ақ балаға бағытталған психологиялық және әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіруге арналды.

Конференцияның ашылу салтанатында Астана қаласы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина балалар тәрбиесіне атсалысып жүрген ұстаздарға алғыс білдірді.

«Маған ата-аналар мен балалардан көп хат түседі. Байқағаным - мәселелердің түп-төркіні отбасындағы қарым-қатынасқа тіреледі. Осыны ескере отырып, біз аудан бойынша ата-аналар комитеттерін құрдық. Басты мақсатымыз - ата-аналармен бірлесіп өзекті мәселелердің алдын алу. Қазіргі таңда көптеген ата-ана жұмысбастылықтан балаға көңіл бөлуге уақыт таппай жатады. Дегенмен ата-ана баласымен жиі сөйлесіп, жан дүниесіне үңілуі қажет. Бұл ретте мектеп те шет қалмауы тиіс. Сынып жетекшісі мен психолог балаға қолдау көрсетуі керек», - деді Әсима Бимендина.

Іс-шара аясында үш секцияның жұмысы ұйымдастырылды. Бірінші секция педагог-психологтерге арналды. Онда оқушыны жан-жақты қолдаудағы заманауи тәсілдер қарастырылды.

«Бүгінгі кездесуде ата-ана мен баланың әлеуметтік педагогке деген сенімі жайлы айттық. Әлеуметтік педагог ата-ананың жан дүниесін терең түсініп, жаңа форматтағы қарым-қатынас орната білуі қажет. Ата-ана өз мәселесімен маманға сенім арта алуы маңызды. Қазіргі таңда бұл бағытта заманауи тәсілдер қолданылады. Сонымен қатар біз балалар үшін не қызықты, ата-аналар үшін қандай мәселелер маңызды екенін талқылап, тәжірибедегі нақты кейстермен бөлістік», - деді Психологиялық қолдау орталығының психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Элеонора Қошаналиева.


Сонымен қатар жиында ата-аналар мен мектеп арасындағы тиімді серіктестікті дамыту жолдары талқыланды.