00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада әскери музыканттар байқауының жеңімпаздары марапатталды

Астанада әскери музыканттар байқауының жеңімпаздары марапатталды
Фото: ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының сахнасында Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлдесі үшін әскери музыканттар арасында алғаш рет ұйымдастырылған байқаудың соңғы бөлімі — салтанатты концерт өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Байқаудың ақтық сынына Қазақстанның түкпір-түкпірінен Ұлттық ұланның 16 талантты музыканты қатысты. Олардың арасында халықаралық фестивальдердің жеңімпаздары мен лауреаттары бар. Қатысушылар үрмелі және ұрмалы аспаптарда орындау шеберлігін көрсетті. Мұндай байқау ҚР Ұлттық ұланында бірінші рет өткізіліп отыр.

Іс-шараның басты мақсаты — рухты көтеру, әскери музыканы насихаттау және өскелең ұрпақты патриоттық рухиа тәрбиелеу.

«Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы атынан және өз атымнан музыканттарға конкурсқа қатысқаны үшін үлкен алғысымды білдіремін. Барлық өнер иелеріне зор денсаулық, шығармашылық қызметте жаңа биіктерді бағындыруды, сондай-ақ еліміздің өркендеуі үшін қиын әскери қызметте үлкен табыстар тілеймін», - деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов.

Жеке қойылымдардан басқа көрермендерге Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрінің, Құрмет қарауыл ротасының, сондай-ақ Ән-би ансамблінің және ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-патриоттық орталығының балалар би ұжымы дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.

«Ұлттық ұланда әскери қызмет өткере жүріп, көптеген дарынды музыканттар шығармашылық жұмысты қатар атқарады. Осындай талантты орындаушыларды қолдау мақсатында біз Ұлттық ұлан тарихында І «Әскери музыканттар байқауын» ұйымдастырдық. Байқау өнерпаздардың үлкен жетістіктерге жол ашар бастапқы алаңы болуға, Қазақстанның музыкалық мұрасының байлығы мен сұлулығын көрсетуге бағытталды», - деді Әскери оркестрлер орталығының бастығы капитан Олжас Құдайқұлов.

Концерт барысында әскери музыканттар әскери, классикалық және халық композицияларын орындады, сондай-ақ көрермендер Құрмет қарауыл ротасының дефиле шеруі мен қарулар қойылымынан эстетикалық ләззат алды.

Құрамында ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің үрмелі және ұрмалы аспаптар кафедрасының оқытушысы Әсет Нелдібаев, «Астана Опера» солисі Тромбондар тобының концертмейстері Алмас Сағымбаев, Қазақ ұлттық өнер университетінің үрмелі және ұрмалы аспаптар кафедрасының оқытушысы Жанат Жақаев, «Құрмет» орденінің иегері ҚР ҚМ Әскери-оркестрлік қызметінің бастығы подполковник Алмас Ибрагимов бар қазылар алқасы байқау критерийлеріне сәйкес ең лайықты өкілдерді таңдады.

Конкурс қорытындысы бойынша Ұлттық ұлан академиясының аға маманы (концертмейстер) ефрейтор Марат Сүндетов (Петропавл қ.) Гран-при иегері атанды. Бірінші орынды 5571 (Алматы қ.) әскери бөлімінің музыкант-маманы Кристина Бердник иеленді. Екінші орын 5573 әскери бөлімінің Ән-би ансамблінің аға маманы (аға музыкант) қатардағы Диана Рүстембековаға (Астана қ.) бұйырды. Үшінші орынды 5571 әскери бөлімінің аға маманы (концертмейстері) ефрейтор Ержан Назаров (Алматы қ.) иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.