Астанада Марфуға Бектемірова поэзиясына арналған конференция өтті

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада Марфуға Бектемірова поэзиясына арналған конференция өтті
Фото: Сәбина Кәкімжан

Астанада қазақ лирикасы және Марфуға Бектемірова поэзиясына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлады Elorda.info. 

Оған ҚР Жазушылар Одағының Астана филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, ЕҰУ профессоры, филология ғылымының докторы Жанат Аймұхамбет, Қырғыз Республикасының Қарабаев атындағы мемлекеттік университетінің профессоры Айда Эгембердиева және т.б. қатысты. 

Жиналғандар ақынның шығармашылығындағы туған жер тақырыбы мен өлеңдерінің тәрбиелік мәні туралы көбірек тоқталды. 

Ұлтымызға еңбегі сіңген ақындарды еске алуымыз - бұл орынды. Ол - көптеген кітаптың авторы. Ақынның аударуымен «Жыр жауһар» сериясымен Анна Ахматованың өлеңдері кітап болып жарық көрді. Бүгін ақынды еске алып, жақсы естеліктер айтылды. 

Ақын өмірден өткен кезде оның ұлылығын байқайды екенбіз. Тірі жүргенде замандастарымыздың онша қадіріне жете бермейміз, - деді академик Бақытқожа Рүстемов.

Конференцияда ЕҰУ студенттері Марфуға Бектемірованың шығармашылығымен жақынырақ танысты. 

Айта кетейік, Марфуға Бектемірова - 1958 жылы 26 қыркүйекте Көкшетау облысында дүниеге келген. Ақын Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Ол облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде жұмыс істеген. Сондай-ақ ол Қостанай облыстық радиосында тілші болған. 

Оның өлеңдері «Жыр тәңірі», «Тың тынысы», «Көңіл әуендері», «Арман қанатында», «Қарлығаш» атты ұжымдық жинақтарға енген. 

Марфуға Бектемірова «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің», «Ғашық жүрек», «Еңлікгүл», «Менің Атлантидам», «Аққуым менің қайдасың?», «Озера души», «Белый парус мечты» жыр жинақтарының авторы.