Елордада Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай online-конференция өтті

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай online-конференция өтті
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде «Қазақстан: тарихи тағылым саясаты» халықаралық online-конференциясы өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо ҚХА баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Конференция Қазақстан халқы Ассамблеясының Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты жыл сайынғы халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылды. Оnline-конференция жұмысына ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Д.Ә.Абаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Қ.Түймебаев, Ресей халықтары Ассамблеясы Кеңесінің төрағасы, Еуразия халықтары ассамблеясы Бас хатшылығының басшысы С.К.Смирнова, Беларусь Ұлттық Жиналысы Өкілдер Палатасының депутаты П.Л.Жданович, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті, Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Е.И.Пивовар, сценарист, режиссер, «АЛЖИР» тұтқыны Лидия Френкельдің немересі Д.Д.Виолина, ҚР Президенті Мұрағатының директоры Д.Ю.Әбдіқадырова, ҚР Парламенті депутаттары, шетелдік және қазақстандық сарапшылар мен ғалымдар, жазаланғандардың ұрпақтары, ҚХА мүшелері, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым, Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық қоғамдастығы, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Шара барысында спикерлер ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың қазақ халқына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтірудегі рөліне тоқталды. Революция, Азамат соғысы, 1921-22 жылдардағы ашаршылық, ұжымдастыру және 1932-33 жылдардағы ашаршылық салдарынан миллиондаған қазақ туған жерін тастап, жан сауғалап, дүние жүзіне шашырап кетуге мәжбүр болды. «Әрқайсымыздың азаматтық әрі гуманистік парызымыз – тарихымыздың қасіретті беттерін ұмытпауды ұрпақтарымызға айтып, жеткізу. Олар үшін бұл – бірлік пен келісім сабағы, жалпыұлттық сананы қалыптастыруға апатарын жол. Бүгін жекелеген секциялық отырыстар өткізіліп, оларда конференция тақырыбы жан-жақты талқыланатын болады. Форум жұмысына сәттілік тілеймін», - дей отырып, Жансейіт Түймебаев карантин жағдайында өтіп жатқан жобаға онлайн қосылғандардың барлығына ризашылығын білдірді. Пленарлық отырыс «Депортация. Репрессия. Тағылым.» және «Ашаршылық. Соғыс. Тәлім» тақырыптарындағы панельдік сессиялармен жалғасты. Сондай-ақ қатысушыларға ҚР Президенті мұрағатының тарихи-құжаттық көрмесі, КарЛАГ және АЛЖИР музей-мемориалдық кешендерінің материалдары бойынша таныстырылымдар ұсынылды.