Астанада түнгі тыныштықты бұзған 4 мыңға жуық дерек анықталды

12 ақпан, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада түнгі тыныштықты бұзған 4 мыңға жуық дерек анықталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана сақшылары жыл басынан бері түнгі уақытта тыныштықты бұзудың 4 мыңға жуық дерегін анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Бұл көрсеткіш азаматтардың тыныштығын сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан белсенді жұмыстың нәтижесін көрсетеді.

Мысалы соңғы оқиғалардың бірі бойынша қалалық тұрғындар көршілердің мас күйінде шулап, түнгі тыныштықтың бұзылғаны туралы шағым түсірді.

Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, тәртіп бұзушылықты тіркеп, ҚР ӘҚБтК 437-бабының негізінде хаттама толтырды.

Астана қалалық Полиция департаменті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабына сәйкес, сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін тыныштықты бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертеді.

Егер бұзушылық қайталанса айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Полиция қызметкерлері тұрғындарды қоғамдық тәртіп ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

«Тыныштықты бұзу фактілері бойынша азаматтар 102 нөміріне хабарласып, шағым бере алады. Полиция бұл бағыттағы алдын алу шараларын күшейтіп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр», - делінген хабарламада.