Наргизам Махмудова: Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына «Гүл чай» ұйымдастырамыз

Наргизам Махмудова: Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына «Гүл чай» ұйымдастырамыз
Фото: Наргизам Махмудованың жеке архивінен

Биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы қанатының астында 429  ұйым өз қызметін жүзеге асыруда. Elordainfo.kz тілшісі солардың ішіндегі Астана қаласындағы Ұйғыр этномәдени орталығы төрайымы Наргизам Махмудовадан бірлестіктің жұмысы және алдағы жоспарлары туралы сұрап-білген еді.

Ұйғыр этномәдени орталығы бүкіл еліміз бойынша жұмыс істейді. Ал Қазақстан ұйғырларының Астана қаласындағы филиалының 200-ден астам мүшесі бар.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамындағы орталығымыздың басты мақсаты – еліміздегі бірлікті нығайту, жастардың жүрегіндегі отансүйгіштік сезімін күшейту. Сондай-ақ елімізде қандай жағдай болмасын көмек қолын созу. Өйткені қайырымдылық пен Қазақстан халқы Ассамблеясын егіз ұғым деп есептеймін. Қайырымдылықсыз Ассамблеяны елестету қиын. Сондықтан індет болсын, су тасқыны болсын, қандай қиын-қыстау күн болса да,  ұйғыр халқы да өз жәрдемін аямайды, ортақ істен қалыс қалмайды, себебі біз - біртұтас елміз», - дейді Наргизам Дильмуратқызы.

Республикалық орталықта, әрбір облыс, аудан, ауылдағы филиалдарда Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Ғалымдар кеңесі, Медицина кеңесі, Суретшілер кеңесі және «Жигит беши» деген институтымыз сияқты салт-дәстүрді жаңғыртып, тәлім-тәрбиеге ден қоятын орындар бар.

«Ақсақалдар кеңесінде үлкен-үлкен маңызды мәселелер шешілсе, Аналар кеңесі дәстүрді жалғастыру, оны паш ету жолында еңбек етеді. Сонымен бірге мемлекеттік тілге құрмет көрсетіліп, мәртебесін жоғары ұстауға көңіл бөлінеді. Ал орталыққа қарасты хореографиялық топтар ұйғыр халқының өнерін дамытып жүрген жайы бар. Бүгінде жастарға ұйғыр биін үйретіп, ұлттық өнерді насихаттау бағытында Гүлбахрам Тұрдиева, Наилям Баджитова сияқты орталықтың белсенді мүшелері елеулі еңбек етіп жатыр. Олар Астана қаласында тұратын жастардың басын біріктіріп, ұлдар мен қыздардан би топтарын құрып, сол өнерпаздар үлкен фестифальдер мен байқаулардың сахнасынан көрініп жүр. Ал салт-дәстүрімізді дамуына үлкен үлесін қосып жүрген Сәрсенгүл Зияуитдиноваға деген алғысымыз зор. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» демекші, әрқашан іс-шаралардың ұйытқысы болып,  басы-қасында жүретін Гүлмира Бакиева, Фархат Бакиеваларды, ақыл-кеңесін айтып, қолдау көрсетуден шаршамайтын Рустам  Абдусаламовтың есімдерін айтпай кетпеске болмайды. Астана қаласының мәртебесін ғана емес, еліміздің көк туын желбіретіп жүрген Арманжан Рузахунов сияқты мықты спортшымыз, жаттықтырушымызбен де мақтанамыз», - деді орталық төрайымы.

Оның айтуынша, орталықтың жылдық жоспары бойынша әр айда  әртүрлі атаулы күндер мен мерекелерге орай іс-шаралар ұйымдастырылады.

«Жыл басында Жаңа жылды қарсы алдық, көктемнің алғашқы күнімен бірге келетін Алғыс айту күнін атап өтеміз. Ұлыстың Ұлы күні – Наурызды, Көрісу, Амал мерекелерін тойлаймыз. Жалпы, республикалық деңгейде өтетін барлық мемлекеттік іс-шараларға белсенді қатысамыз. Сонымен қатар Ораза айында, Құрбан айтта көп балалы аналарға, басқа да қажеттілігі бар жандарға көмек қолын созамыз. Барлық Айт мерекелерінде бірлестік мүшелері бас қосып, мейрамдаймыз. Әлбетте, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде достық мерекесіне қатысамыз.

Сонымен қатар бізде «Гүл чай» деген ерекше салт-дәстүріміз бар. Әр түрлі жастағы әйелдер, мәселен, жиырма мен отыздың, қырық пен елудің, алпыс пен жетпістің аралығындағы топтар ай сайын осы дәстүр бойынша бас қосады. Ал олардың барлығын жылына бір рет тағы жинаймыз. Биылғы үлкен жобамызды тамыз айына белгілеп отырмыз. Бұл жолғы «Гүл чай» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналатын болады. Оған бүкіл облыс, аудан және ауылдардағы Аналар кеңесінің белсенді мүшелері қатыспақ», - деді Наргизам Махмудова.

Этномәдени орталық төрайымының айтуынша, қазақ пен ұйғыр түркітілдес халық болғандықтан, ұқсастықтары бар. Мәселен, бесікке салу, қырқынан шығару, бесік той, сүндет той, құда түсу, үйлену тойы - тағы да басқа толып жатқан салт-дәстүрлер.

«Салт-дәстүр, бұл – күнделікті өміріміз. Қазақстанда туғаннан кейін қазақ халқының салт-дәстүрін ұстанамыз, тілін білеміз. Ал негізгі қағидамыз – нұрлы күн мен ашық аспан астында көк туымызды биікке желбірету. Әркез бейбіт еліміздің гүлденуін ғана көруді мақсат тұтамыз», - деп сөзін түйіндеді Ұйғыр этномәдени орталығы төрайымы Наргизам Махмудова.