Елордада математика пәнінің мұғаліміне арналған кабинет ашылды

Елордада  математика пәнінің мұғаліміне арналған кабинет ашылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін Астанадағы №66 мектеп-лицейінде Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, математика пәнінің мұғалімі  Күшай Тердікбай атындағы «Ой дамыту» кабинеті ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ашылу рәсіміне Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, математика пәні мұғалімі Күшай Тердікбай, Д.Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің директоры Нұржамал Омарова,  «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының директоры Ырысбек Мәуітұлы, сондай-ақ қала мектептерінің директорлары мен педагогтер қатысты.

 «Бұл кісі Астанамен қоса республикалық деңгейде ұстаздарға тәлім-тәрбие беріп жүр. Былтыр Ұстаздар күні қарсаңында Күшай Тердікбай Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағын алды. Мемлекеттік награда мұғалімдерге үздік жетістіктері мен мемлекет алдындағы ерекше еңбегі үшін беріледі», - деді Қасымхан Сенғазыев.

Бұл кабинет - білім алушылардың математика және логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіруге бағытталған білім беру алаңы. Кабинет білім алушылардың математикаға деген қызығушылығын арттыруды, логикалық және сыни ойлау дағдыларын дамытуды, жаңа оқыту әдістері мен технологияларын пайдалану арқылы оқушылардың білім деңгейін көтеруді мақсат етеді.

Күшай Тердікбайдың еңбегі мен әдістемелік тәсілдері бүгінгі ұстаздарға үлгі болып, білім беру саласында жаңа бастамаларға жол ашуда.

«Бүгін ашылған кабинет әрі қарай үлкен жұмыстың ордасы болады. «Ой-дамыту» бағдарламасы Астана көлемінде ғана емес, республикалық деңгейде жүзеге асып жатыр. Сол бағдарламаны жүзеге асыратын негізгі орталық болмақ. Мұнда біз дарынды балаларды тәрбиелейміз, оларды олимпиадаларға дайындаймыз. Сондай-ақ  бұл – ұстаздар арасында тұрақты іс-шаралар өткізетін негізгі орта», - деді математика пәні мұғалімі Күшай Тердікбай.

Оның шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымы «Әр оқушы – ерекше дарын иесі» деген сенімге негізделген.

Кабинетте интерактивті тақталар, цифрлық оқыту құралдары және заманауи оқу жабдықтары бар. Сонымен қатар кабинеттің бір бұрышына Күшай Тердікбайдың әдістемелік материалдары мен жеке еңбектері қойылған.

 «Ой дамыту» кабинеті алдағы уақытта да жас дарындардың білім мен ғылым жолында үлкен жетістіктерге жетуіне септігін тигізеді.