Ваучерлік қаржыландыру: Мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері тәжірибе алмасты
Бүгін Астана қаласы білім басқармасының мамандары мектепке дейінгі ұйымдарда енгізілген ваучерлік қаржыландыру бойынша Абай және Павлодар облыстарынан келген делегация өкілдерімен өз тәжірибесін бөлісті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Елордада мектепке дейінгі ұйымдар биылдан бастап ваучерлік қаржыландыру жүйесіне ресми түрде көшті. Жыл басынан бері 2200 орынға ваучер беріліп, оның 1222-сі ваучерлік қаржыландыруды қолдана отырып, мектепке дейінгі ұйымдарға тіркелді.
Қалалық білім басқармасы таратқан мәліметке сүйенсек, бұл жүйе – мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік тапсырысты бөлудің жаңа, ашық әрі тиімді тәсілі.
Кездесу барысында ваучерлік қаржыландырудың негізгі бағыттары, оның білім беру жүйесіне тигізетін оң әсері және ата-аналар мен мектепке дейінгі ұйымдар үшін тиімді тұстары талқыланды. Делегация өкілдері жаңа жүйеге көшу кезінде туындайтын сұрақтарын қойып, жауап алды.
Ваучерлік қаржыландыру жүйесі ата-аналарға балабақшаны таңдау еркіндігін ұсыну арқылы білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға, мектепке дейінгі мекемелер арасында бәсекелестік қалыптастыруға және мемлекеттік қаржыны бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл тәжірибе алмасу басқа өңірлерге ваучерлік қаржыландыру жүйесін тиімді енгізуге көмектесіп, мектепке дейінгі білім беру саласындағы жаңа бастамалардың табысты жүзеге асуына ықпал етуді көздейді.
«Бүгін Астана қаласына Абай және Павлодар облыстарынан ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу мақсатында делегация тобы келді. Елордада 2025 жылдың қаңтар айында бұл жүйе енгізілгендіктен, біз өз тәжірибемізді бөлістік», - деді қаладағы №5 «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Мөлдір Айтқалиқызы.