Шайбалы хоккейден елордалық жасөспірімдер командасы ел чемпионатындағы кезекті ойынын өткізді
Бүгін елорда төріндегі «Барыс» хоккей клубының ескі мұз айдынында 14 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатының кезекті туры өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
№10 Балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден мамандандырылған спорт мектебінің жас хоккейшілері 2011 жылғылар арасындағы А лигасында Өскемен қаласынан келген «Торпедо» клубымен күш сынасты. Республикамыздағы үздіктердің қатарынан саналатын ұжымдардың өзара ойыны 5:7 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді.
«Чемпионаттың регламенті өзгеріске ұшыраған. Бұған дейін командалар бір қалаға жиналып, айналмалы жүйеде күш сынасатын еді. Енді клубтар аптасына бір мәрте ғана ойнайды. Иә, ереженің өзіндік пайдасы бар. Нақты қарсыласқа ғана дайындалып, тактика құруға мүмкіндік бар. Жас хоккейшілер аптасына 5 мәрте жаттығу өткізіп, ойын ырғағын сақтай алады. Енді келесі матчта Өскемен қаласына барамыз. Өткен маусымда қола жүлде алған едік. Биыл да соңына дейін күресеміз», - деді №10 Балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден мамандандырылған спорт мектебінің оқу жаттығу бойынша басшысының орынбасары Марат Садыров.
Айта кетейік, бұл мектепте дәл қазір 538 бала тегін жаттығады.
7 ақпан күні алауы тұтанатын Харбиндегі IX қысқы Азия ойындарында да бұл мектептің 6 хоккейшісі де ел намысын қорғап жатыр.