Қазақстанда француз технологиялары екі бөгет пен бір каналға енгізіледі
Қазақстанда француз технологияларын пилоттық негізде енгізу үшін кемінде екі бөгет пен бір суару каналы таңдалады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі француздық CarpiTech Hydroplus компаниясымен Қазақстанның гидротехникалық инфрақұрылымына француз технологияларын енгізу жөніндегі жобаны іске асыру кезеңдерін айқындау туралы келісімге қол қойды.
Құжатқа қол қою Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов қатысты.
Келісім аясында министрлік айқындаған гидротехникалық нысандардың құжаттамасына сараптамалық талдау жүргізіліп, Қазақстан инженерлері мен мамандарына арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылады.

Сонымен қатар пилоттық жобаға кемінде екі бөгет пен бір суару каналы іріктеледі. Әр нысан бойынша ұсынымдар, алдын ала техникалық шешімдер және жұмыстарды іске асыру мерзімдері әзірленеді.
Жоба аясында каналдарға геомембраналық жабын төсеу, гидротораптарды автоматтандыру және цифрлық мониторинг жүйелерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл шешімдер су шаруашылығы инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған.
Пилоттық жобалардың нәтижесі кейін Қазақстандағы басқа да гидротехникалық нысандарды жаңғырту кезінде қолданылмақ.

«Бізді CarpiTech Hydroplus компаниясының Қазақстанның су шаруашылығы нысандарында өз технологиялық шешімдерін енгізу жөніндегі ұсынысы қызықтырды. Компанияның Жамбыл облысында өз өндірістік базасы, яғни зауытының болуы да – біз үшін үлкен артықшылық. Француз делегациясымен қол қойылған құжаттарды жалпы ынтымақтастықтан нақты жобаларды іске асыруға көшуге мүмкіндік беретін практикалық құрал ретінде қарастырамыз», – деді Жандос Сәлімов.
Айта кетейік, биыл маусым айында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен CarpiTech Hydroplus компаниясы арасында техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын.
Бұған дейін шаруалардың су беру келісімшарттарының электронды форматқа көшкенін оң бағалағанын жаздық.