Ақ қасқырлар жаңа мекеніне бейімделіп жатыр
Қарағанды хайуанаттар бағына алғаш рет Ерла мен Гуля атты жас полярлық қасқырлар әкелініп, қазір олар жаңа мекеніне бейімделіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақ қасқырлар хайуанаттар бағына бір аптаға жуық уақыт бұрын жеткізілген. Екеуінің де жасы бір жылдан сәл асады.
Қазір Ерла мен Гуля бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Олар жаңа қоршауын зерттеп, бейтаныс ортаға біртіндеп үйренуде. Хайуанаттар бағы мамандарының айтуынша, қасқырлар айналасындағы өзгерістерге қызығушылық танытып, жаңа мекенін белсенді түрде барлап жүр.
«Жаңа аңдарды көру үшін келушілерге ұзақ күтудің қажеті жоқ. Қазірдің өзінде хайуанаттар бағына келген қонақтар полярлық қасқырларды тамашалай алады», – делінген хабарламада.
Полярлық қасқыр немесе ақ қасқыр Солтүстік Америка мен Гренландияның арктикалық тундрасында тіршілік етеді. Оның қалың ақ жүні қарлы ортада жасырынуына мүмкіндік береді. Ал шағын құлағы мен қысқа тұмсығы дене жылуын сақтап, қатаң суыққа бейімделуіне көмектеседі.
Бұған дейін күзде орманды жаңғыртқан маралдың дауысы нені білдіретіні туралы жариялағанбыз.