Азық-түлік корпорациясы оңтүстікке 30 мың тонна астық жөнелтті
Шілде-тамыз айларында Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы элеваторлардан Түркістан облысына 30 мың тонна астық жеткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық астық операторы – Азық-түлік келісімшарт корпорациясы оңтүстік өңірлерді астықпен қамтамасыз ету үшін Түркістан облысына бидай тиелген 427 вагон жөнелтті.
Жеткізілген астықтың басым бөлігін үшінші және төртінші сыныпты бидай құрады. Астықты өңірлер арасында қайта бөлу бидай өндіру мүмкіндігі климаттық және топырақ жағдайларына байланысты шектеулі аймақтардағы азық-түлік теңгерімін сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар солтүстік өңірлерден астық жөнелту элеваторлардың сыйымдылығын босатып, жаңа өнімді қабылдауға жағдай жасайды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін жинау науқаны басталғанға дейін астық қабылдау инфрақұрылымын уақтылы дайындауды тапсырған болатын.
Министрлік мәліметінше, бос астық қорларының азаюы мемлекеттік азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етпейді. Корпорацияның астық базаларында тұрақты түрде 500 мың тонна азық-түлік астығы сақталады.
Бұдан бөлек, 200 мың тонна көлемінде тұрақты жем қоры қалыптастырылған. Бұл қор құс және мал шаруашылығы кәсіпорындарын, сондай-ақ құрамажем өндіретін зауыттарды қолдауға арналған. Қажет болған жағдайда құрғақшылық, төтенше жағдай немесе басқа да күтпеген жағдайлар кезінде пайдаланылуы мүмкін.
Астық қорлары Азық-түлік келісімшарт корпорациясының еншілес «Астық қоймалары» серіктестігінің базаларында және серіктес элеваторларда сақталады. Олардың жалпы астық сақтау сыйымдылығы 8,9 млн тоннадан асады.
Азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясат пен негізгі тәсілдерді Ауыл шаруашылығы министрлігі айқындайды. Ал ұлттық оператор ретінде Азық-түлік келісімшарт корпорациясы астықты сатып алу, сақтау және өңірлер арасында қайта бөлу жұмыстарын жүргізеді.
Астық қоры жыл сайын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден астық сатып алу арқылы толықтырылып отырады. Егін жинау аяқталғаннан кейін форвардтық бағдарламаға қатысатын шаруалар өнімін мемлекеттік қорға жеткізеді. Сонымен бірге ұлттық оператор қорды жаңарту және толықтыру үшін нарықтан тауарлық астық сатып алады.
Бұған дейін елімізде астықты теміржол көлігімен тасымалдау көлемі артқанын жаздық.