Семейде екі 13 жастағы оқушы жанжалдасып, пышақтасты
Семейде екі 13 жастағы сыныптастың арасындағы жанжалдан кейін бірі 15 рет пышақ жарақатын алып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға сабақтан кейін болған. Екі жасөспірім мектеп маңында серуендеп жүрген кезде жанжал шыққан. Соның салдарынан оқушылардың бірі ауыр жарақат алған.
Жараланған бала қан жоғалтқанына қарамастан, өздігінен жақын маңдағы үйге барып, көмек сұраған. Ол ауруханаға жеткізіліп, төрт сағатқа созылған операция жасалған.
Дәрігерлер жасөспірімнің іш қуысына пышақ кіріп жараланғанын және бүйрегіне зақым келгенін анықтаған. Қазір оның жағдайы тұрақталған. Ол жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған.
Жанжалға қатысқан екінші оқушы да жеңіл жарақат алған. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілген.
Мектеп өкілдерінің айтуынша, екі жасөспірім бір сыныпта оқиды және жақын достар болған. Бұған дейін профилактикалық есепте тұрмаған. Жанжалдың нақты себебі әзірге белгісіз.
Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 10 қыркүйек күні полицияға дене жарақаттарымен екі адамның ауруханаға жатқызылғаны туралы хабарлама түскен.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оның барысында болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – деді облыстық Полиция департаментінен.
Полиция тергеу қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарды профилактикалық есепке қою, сондай-ақ олардың заңды өкілдерін балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралатынын мәлімдеді.
Түпкілікті процестік шешім тергеу нәтижелері бойынша қабылданады.
Кәмелетке толмағандардың қатысуына байланысты істің өзге де мән-жайлары жарияланбайды.
Бұған дейін кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру жазасы қашан тағайындалмайтынын жазған едік.