Тоқаев Корея бизнесіне Қазақстанға белсенді инвестиция құюға шақырды

Тоқаев Корея бизнесіне Қазақстанға белсенді инвестиция құюға шақырды
Фото: Ақорда

Президент Кореяның іскерлік топ өкілдеріне Алатау қаласын дамыту мақсатында қабылданып жатқан дәйекті шаралар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа орталық озық өнеркәсіп салалары пен инновация шоғырланған урбанистік және экономикалық хабқа айналуды көздейді.

– Цифрлық технологияларға, жасанды интеллектіге және заманауи инженерияға негізделген қаланы өркендетуге кореялық серіктестер белсенді атсалысып жатыр. KIND корпорациясымен бірге бас жоспарды және тұрғын үй аудандарын жобалаумен, сондай-ақ басқа да кореялық компанияларды ауқымды жобаға тартумен айналысып жатырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, екі елдің серіктестігін ілгерілететін перспективті бағыттардың бірі – қаржы секторы. Сондай ақ ол ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің де маңызына назар аударды.

– Біздің өнімдеріміз әлемнің 70-тен аса еліне тасымалданады. Біз Кореяға жеткізілетін бидай, майлы дақылдар, ет, сүт өнімдерінің, бал және басқа да жоғары сапалы тауарлардың экспорт көлемін ұлғайтуға әзірміз. Сондай-ақ Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін Кореяның технологияларымен біріктіріп, агроөнеркәсіп саласындағы қосылған құн тізбегін қалыптастыруды ұсынамыз. Тамақ өнеркәсібінде ынтымақтастықтың берік негізі қаланды. Lotte Қазақстанның танымал шоколад брендтерінің бірі «Рахат» компаниясына инвестиция салғаны белгілі. Бұл кореялық бизнестің біздің нарықтағы ұзақмерзімді кәсібіне жарқын мысал бола алады. Біз аталған ықпалдастықты жоғары бағалаймыз және табыстарымыз еселене береді деп сенеміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев адам капиталын дамытудың маңызына баса мән берді

Оның айтуынша, Қазақстан мен Корея университеттері 230-дан аса келісім жасасып, академиялық байланысты кеңейте түсті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында инвестициялық серіктестікке мүмкіндік мол деп санайды. Әсіресе, медициналық инфрақұрылым, фармацевтика, биотехнология және медициналық құрылғы өндірісі басым бағыттар ретінде аталды.

Президент сөз соңында ондаған жылдар бұрын Корея экономиканың басты салалары бойынша әлемде көш бастап, соны серпіліс жасағанына назар аударды.

– Қазір Қазақстан түбегейлі экономикалық жаңғыру кезеңіне қадам басты. Жаңа салаларды, технологияны, зерттеу әлеуеті мен адам капиталын дамытуға күш салып жатырмыз. Бүгінгі кездесу және қол қойылған келісімдер анағұрлым ауқымды серіктестікке тың серпін береді деп сенемін. Корея бизнесін Қазақстанға белсенді инвестиция құюға шақырамын. Қазақстан Үкіметі Корея кәсіпкерлерінің еліміздегі әрбір пайдалы бастамасына жан-жақты қолдау көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында Корея Республикасының Премьер-министрі Хан Сон Сук, Қазақстан-Корея Іскерлік кеңесінің корей тарапынан тең төрағасы Юн Джин Шик, Қазақстан-Корея Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Нұрлан Жақыпов, Samsung Electronics компаниясының атқарушы вице-президенті Джо Сонг Чжэ, Shinhan Financial Group төрағасы Чжин Ок-Дон, CONTEC Co Ltd компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Ли Сунг Хи, сондай-ақ Кореяның геологиялық және минералды ресурстар институтының (KIGAM) президенті Квон И Кюн сөз сөйледі.