Қазақстанда цифрлық активтер нарығы үшін жіксіз тетіктер құрылады

Бүгін, 10:54
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстанда цифрлық активтер нарығы үшін жіксіз тетіктер құрылады
Фото: magnific.com

Үкімет отырысы барысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов мемлекеттік органдармен бірлесіп цифрлық активтер саласын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленгенін мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ол 11 мемлекеттік органның қатысуымен 10 бағыт бойынша 65 іс-шараны қамтиды. Жоспарды жүзеге асыру капиталды шетелдік және реттелмейтін алаңдардан ашық қазақстандық контурға ауыстыруды, төлемдер мен капитал нарығын дамытуды, нақты секторды қаржыландыруды, инвесторларды қорғауды және цифрлық қаржы қызметтерінің экспортын қамтамасыз етуге тиіс.

Соның ішінде жалпыхалықтық режим, АХҚО және Alatau City арасындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылып отыр.

«Юрисдикциялар арасындағы практикалық өзара іс-қимылды арттыру, жобаларды бірлесіп дамыту және нарық қатысушылары үшін жіксіз тетіктер жасау қажет. Мұндай алғашқы қадамдар қазірдің өзінде пайда болуда, мәселен: криптофиаттық шлюздер дамуда, Binance өңірлік моделін қоса алғанда, халықаралық қатысушылармен жобалар пысықталуда», - деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Еске салсақ, бұған дейін ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстандағы цифрлық активтер нарығы пилоттық жобалардан лицензияланатын қызметке ауысатынын мәлімдеді.