«Цифрлық қадағалау» жүйесі 11 мыңға жуық заң бұзушылықты анықтады
Қазақстанда пробациялық бақылаудағы сотталғандардың қайталама қылмыс жасау деңгейі соңғы екі жылда үш есеге жуық төмендеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл нәтижеге қылмыстық процестерді цифрландыру және құқық бұзушылықтардың алдын алудың жаңа тәсілдерін енгізу ықпал етіп отыр.
Солардың бірі – Бас прокуратура әзірлеген «Цифрлық қадағалау» жүйесі. Ол 80-нен астам мемлекеттік ақпараттық базаның мәліметтерін біріктіреді. Жүйе пробациялық бақылаудағы сотталғандардың белгіленген шектеулерді сақтауын бақылауға, заң бұзушылықтарды уақтылы анықтауға және қайталама қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Бас прокуратураның мәліметінше, тек биылдың өзінде осы жүйе арқылы 11 мыңға жуық бұзушылық анықталған. Құқық бұзған адамдарға тиісті шаралардың қабылдануы жаңа қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік берген.
Сонымен қатар жүйе тек бақылаумен шектелмейді. «Цифрлық қадағалаудың» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «FSM Social» дерекқорымен интеграциялануы сотталғандардың қажеттіліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Соның негізінде оларды жұмысқа орналастыруға, әлеуметтік төлемдер, медициналық және басқа да көмек түрлерін алуға жедел жәрдем көрсетіледі.
Қазірдің өзінде осы бағытта 5 мыңға жуық қызмет көрсетілген.
Цифрлық бақылаудың нәтижесі статистикадан да байқалады. Пробациялық бақылаудағы сотталғандар арасындағы қайталама қылмыс саны 2024 жылғы 1,4 мың фактіде болса, 2025 жылы 1 мыңға дейін, ал биыл 492 жағдайға дейін төмендеген.
Бұдан бөлек, цифрлық шешімдер тыйым салынған және тәркіленген мүлікті бақылау саласына да енгізіліп жатыр.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде «Тыйым салынған және тәркіленген мүліктің досьесі» іске қосылды. Жүйе әрбір активтің оған тыйым салынған сәттен бастап өткізілгенге дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Әрбір нысанға бірегей ID беріліп, оның бүкіл тарихы бірыңғай цифрлық бейінде қалыптастырылады.
Бұған дейін тыйым салынған және тәркіленген мүлік туралы мәліметтерді әртүрлі мемлекеттік органдар мен әкімдіктер бөлек жүргізіп келген. Жаңа жүйе бұл ақпаратты бір жерге жинақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жүйе тергеушіге банктік шоттар, жылжымайтын мүлік және автокөліктер туралы мәліметтерді автоматты түрде алуға және оларды процестік құжаттарға енгізуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта «Тыйым салынған және тәркіленген мүліктің досьесін» Жоғарғы Соттың ақпараттық жүйесімен интеграциялау жоспарланып отыр. Бұл мүлікке тыйым салу туралы материалдарды қарау процесін автоматтандырып, судьялардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Бас прокуратураның мәліметінше, цифрлық шешімдерді енгізудің негізгі мақсаты – бақылаудың ашықтығын арттыру, рәсімдерді жеделдету, сотталғандардың заңға мойынсұнған өмірге қайта оралуына жағдай жасау және тыйым салынған әрі тәркіленген активтердің сақталуын қамтамасыз ету.
Бұған дейін eGov Mobile-да «Заң мен тәртіп» сервисі жаңартылғаны хабарланды.