Бүгінде жеке инвестициялардың үлесі азайып отыр – Ерлан Саиров


Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Олжас Бектеновке ұлттық перспектива бағытына көшу және мемлекет қаржысын тұрақтандыру бойынша Үкімет қолға алған шаралар жөнінде сұрады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Екі жыл бойы ұлттық даму жоспарында мәлімделген маңызды міндеттер іс жүзінде аспай жатыр. Мемлекеттік борышқа қызмет көрсету, оны өтеу шығындары биыл 6,1 трлн теңге немесе бюджеттің барлық кірісінің 38 пайызын құрады. Ұлттық қордың қаражаты 10 жылда республикалық бюджеттің 30 пайызын жауып келеді. Мұнайға қатысты емес тапшылық жалпы ішкі өнімнің 8 пайызын құрайды, жеке инвестициялардың үлесі азайып отыр. Қосылған құн салығын қайтару үлкен проблемаға айналды. Бюджеттің атқарылуы стратегиялық міндеттерді шешуге емес, бюджеттің жыртығын жабуға бағытталып отыр. Ал Үкіметтің қолында Парламент жасақтап берген жаңа бюджеттік кодекс, жаңа салық кодексі, ұлттық даму жоспар құралдары бар. Осыған қарамастан ұлттық перспектива көрінбейді, өркендеудің нақты көрсеткіштері жоқ. Үкімет бюджеттің жыртығын жамауды тоқтатып, ұлттық өркендеуге қашан көшеді? Мемлекет қаржысын қашан тұрақтандырасыздар? »,- деді Ерлан Саиров.
Үкімет басшысы келесі жылдан бастап бюджетке қосымша 3 трлн-нан астам қаражат түсетінін айтты.
«Мемлекет өз міндеттемелерін толық көлемде орындап жатыр, орындайды да. Бұған ешқандай күмән жоқ. Жалпы экономикалық ахуал тұрақты. Бірақ сіз айтып өткен мәселелер жоқ емес. Ол өздеріңіз білетіндей, бір күнде пайда болған проблемалар емес. Бірнеше жылдар бойы қалыптасып жатқан мәселелер. Үкімет қазіргі таңда оның бәрін шешу үшін белсенді жұмыс атқарып жатыр. Осы жуырда ғана жаңа Салық кодексі қабылданды. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, конструктивті ортақ жұмыс үшін депутаттық корпусқа алғысымды білдіремін. Жаңа салық кодексі арқасында біз келесі жылдан бастап республикалық бюджетке қосымша 3 трлн-нан астам түсім түседі деп есептейміз. Бұл қаражаттың барлығы тек даму мақсаттарына жұмсалады», - деп атап өтті Олжас Бектенов.