Үкімет Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру бойынша кешенді шаралар қабылдады
Биылғы 5 қаңтарда тұрғындар үшін коммуналдық қызметтердің (жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, су тарту, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау) тарифтері мен бағаларын өсіруге 180 күнге мораторий енгізілді.
«Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры (ҚӘҚ) құрылды, қазірдің өзінде бизнес субъектілері оған 20 млрд теңгеден астам қаржы аударды.
Елдегі Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын іске асыру басталды.
Ішкі істер органдарының бөлімшелерін материалдық-техникалық қамтамасыз етуді нығайту үшін ІІМ-ге қажетті қаражат бөлінді. Тәртіпсіздіктер кезінде қызметтік автокөліктері жойылған өңірлердегі полиция департаменттеріне 457 патрульдік автомобиль мен 70 автобус жеткізілді.
Жаппай тәртіпсіздіктерден зардап шеккен азаматтар мен заңды тұлғаларға банк алдындағы қарыздары мен микрокредиттерін өтеу мерзімін кейінге шегеру мүмкіндігі берілді.
Бизнеске жүктемені төмендету үшін мемлекеттік кірістер органдарының бастамасы бойынша басталған салықтық және кедендік тексерулер, сондай-ақ камералдық бақылау бойынша хабарламалар беру тоқтатылды.
Үкіметтік комиссия ШОБ субъектілеріне тәртіпсіздік кезінде келтірілген залалды өтеу тетігін бекітті. Жақында Үкімет резервінің қаражаты есебінен кәсіпкерлерге жылжымайтын, жылжымалы мүлік бойынша, сондай-ақ жоғалған (ұрланған) тауарлық-материалдық құндылықтар бойынша келтірілген залалды өтеу басталады.
Үкімет «Жасыл даму» мемлекеттік компаниясын утилизациялық төлемдерді жинау операторы ретінде белгіледі, оның 100% акциясы мемлекетке тиесілі. «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның бұған дейін жиналған қаражаты мемлекет меншігіне өтті. Утилизациялық төлемдердің мөлшерлемелері мен пайдалану тетіктері бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін азаматтық және бизнес қоғамдастықтың қатысуымен алаң құрылды.
Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында азаматтардың жекелеген санаттарына қайталама тұрғын үйді жалға алғаны үшін төлем тағайындау және оны жүзеге асыру қағидалары әзірленді.
Азаматтарға зардап шеккендер мен хабар-ошарсыз кеткендер туралы ақпарат беру үшін 1414 call-орталығының базасында тәулік бойы жұмыс істейтін тікелей желі ашылды. Азаматтарға кеңес беру үшін 150 оператор тартылып, 200 мыңнан аса қоңырау қабылданды.
Коммуналдық қызметтер, қоғамдық көлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жұмысы тұрақталды.
Қаржы жүйесінің, сауда нысандарының, көлік тасымалдары мен қатынастарының барлық түрінің тұрақты жұмысы қамтамасыз етілді.
Үкімет электрондық сауда алаңындағы газ саудасын 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шегерді. Сонымен қоса, Энергетика министрлігі нарық қатысушыларымен бірлесіп, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында электрондық алаңда сұйытылған мұнай газын сату тетігін жетілдіру жұмысын бастады.
Үкімет Мемлекет басшысының жаңа Қазақстанды құруға және әлеуметтік-экономикалық өсуді әрі қарай қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын жедел әрі сапалы орындау бойынша шараларды қабылдауды жалғастырады.