Елордада «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді
Астанада кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, балалардың қадағалаусыз және бақылаусыз қалуының алдын алу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде Алматы және Нұра аудандарының ПБ ЖПҚБ ЮПБ қызметкерлері кәмелетке толмағандарды, ІІО есебінде тұрған қолайсыз отбасыларды, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайлардағы отбасыларды тұрғылықты жері бойынша тексерді. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде, ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуына жол беру фактілерін анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүзеге асырылды.
«Құрметті ата-аналар! Қазақта «Баланың бас ұстазы – ата-анасы» деген сөз бар. Жас кезінде дұрыс тәрбие алмаса, есейе келе тәртібі қиындап, оқу үлгерімі нашарлап кетеді. Мұндай жағдайларда «не істеу керек?» деген ой туады. Әрине, ата-аналар балаларының оқу үлгеріміне күнделікті назар аударып, оны қадағалап отыруы қажет. Тәрбие беруде ешқандай үзіліс, демалыс күндер деген болмайды.
Сөз соңында айтарым, ұлды тәрбиелеп отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз», - дейді Астана қаласы Нұра ауданы полиция басқармасының ювеналды полиция инспекторы, полиция майоры Ұлбосын Мұсабекова.
Іс-шара барысында полиция басқармасына 94 кәмелетке толмаған жеткізілді. 88 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2,3-бөлігі бойынша (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болуы) – 68. 12 кәмелетке толмаған ІІО-ға орналастырылды.
Алматы ауданы әкімі аппараты әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Аида Меңдібаева түнгі уақытта кәмелет жасына толмаған баланың қауіпсіздігіне алаңдау қажеттігін айтады.
«Жалпы бала үшін, ең қауіпсіз мекен ол – өз отбасы. Әсіресе, түнгі уақытта кәмелет жасына толмаған баланың қауіпсіздігіне алаңдау қажет. «Қызды қырық үйден тый» дейді халық даналығы. Ұлдың да, қыз баланың да тәрбиесі отбасында қалыптасады. Ол тәрбие өз ортасында, қоғамда сыналатын болады. Діңгегі мықты ағашты қандай дауыл құлата алмайтыны секілді, тәрбиесі мықты адамды жаһандық жат ағым да, теріс идеология да жеңе алмайды. Сондықтан, ата-аналарға айтарым, баланы мықты ету, тұлға етіп тәрбиелеу сіздің ғана қолыңыздан келеді», - дейді Аида Серікқызы.
Айта кетейік, бұл іс-шара жыл соңына дейін жалғасатын болады.