00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Астаналық студенттер электромобиль жөндеуді үйреніп жатыр

22 қараша, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астаналық студенттер электромобиль жөндеуді үйреніп жатыр
Фото: Elordainfo.kz

Астанадағы Жоғары көлік және коммуникация колледжінде электронды схемалардың процестерін тереңірек зерттеуге, өнеркәсіптік электроника мен телекоммуникация жүйелерін тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік беретін зертхана ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жоба Астана әкімдігінің және қалалық Білім басқармасының қолдауымен жүзеге асырылды.

Іс-шараға Астана қаласы Білім басқармасының басшылығы, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Астана қаласы мәслихаты мен Қоғамдық кеңесінің, колледждің әлеумметтік серіктестері «Қазақтелеком» АҚ, «ҚТЖ» ұлттық компаниясы, «City Transportation Systems» ЖШС-нің, сондай-ақ колледждің индустриалды және қамқоршылық кеңестерінің өкілдері қатысты.

 «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы етіп жариялады. Зертханадағы жабдықтар шынайы өндіріс талаптарына сай бейімделіп, оқыту процесін жақсартып, болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталған. Біз осы зертхана негізінде 300-ден астам зертханалық сабақтарды өткізе аламыз, бұл біздің оқу процесіне айтарлықтай көмек», - деді колледждің электробайланыс кафедрасының меңгерушісі Лариса Осташова.

Зертхананың басты артықшылығы - заманауи технологияларға сай электроникамен жабдықталған.

«Жаңа іштен жану қозғалтқыштарымен жұмыс істейтін автокөліктерді барлық студенттер көрген, оларға ол қатты қызық емес, ал мына елімізге көптеп кіріп жатқан электромобильдердің ішкі құрылысы қызықты. Студенттеріміз онда пайда болған ақауларды қалай тексеру керек, ақауларды қолдан жасауды, оған диагностика қоюды үйренеді. Мәселен шәкіртіміз  Мирас Сағатов WorldSkills Kazakhstan-2024 республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында осы тақырыпқа байланысты жобасын қорғап, жеңімпаз атанды», - деп атап өтті колледждің жұмыспен қамту және мансап орталығы меңгерушісі Назарым Қасқатаев.

Ашылу салтанатында колледж студенттері талшықты-оптикалық кабльдерді, IP-телефония, шағын АТС монтаждау мен зерттеу және радиоэлектрондық құрылғылармен қалай дұрыс жұмыс істеу керектігін көрсетіп, зертхананың мүмкіндіктерімен таныстырды.

«Бұл жоба біздің мамандығымызды толыққанды игеруге, тек теориямен шектеліп қалмай, тәжірибе жүзінде кәсібилігімізді шыңдауға арналған таптырмас мүмкіндік сыйлады. Жаңа озық инновацияларды пайдаланып, еңбек нарығына керек қабілеттерді толық игеріп шығуға бар жағдай жасалғанына қуаныштымыз!», - деп колледж студенттері ыстық лебіздерін білдірді.

Жансая Алмахан