00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астана әлемдік балет жұлдыздары өнер көрсетеді

26 қараша, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Астана әлемдік балет жұлдыздары өнер көрсетеді
фото: astanaopera.kz

3 желтоқсанда Freedom Festival аясында «Астана Операда» сахнасында әлемдік балет жұлдыздары өнер көрсетеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазақстандық көрермендер Souvenir de Danse премьерасын тамашалайды, оның хореографиясын есімі халықаралық деңгейде танымал балетмейстер Валентино Цукетти жасаған. Петр Чайковскийдің музыкасына негізделген қойылым әртістердің үш жұбын таныстырады, олар би арқылы өздерінің ерекше махаббат хикаясын баяндайды.

Орындаушылардың қатарында Лондондағы Корольдік балеттен Сара Лэмб пен Риочи Хирано, сондай-ақ «Астана Операның» жетекші солисі Бақтияр Адамжан мен театр солисі Анастасия Заклинская сынды әлемдік сахна жұлдыздары бар. Әртістердің үшінші жұбын Лондон қалалық балетінен Алехандро Вералес пен Бавария мемлекеттік балетінің жетекші солисі Мария Баранова құрайды. Театрдың ішекті аспаптар оркестріне Элмар Бөрібаев дирижерлік етеді.

Әртіс ретінде мансабын Ла Скалада бастап, кейіннен Цюрих және Норвегия балетінде жалғастырған, ал бүгінде Лондондағы Корольдік балетте қызмет ететін Валентино Цукетти музыканы терең сезінуімен және классикалық хореографияға деген бірегей көзқарасымен танымал. Ол балетмейстер-хореограф ретіндегі жолын дәл осы лондондық театрдан бастады, сондай-ақ Корольдік балет мектебіне, Жаңа ағылшын балет театрына, Поляк ұлттық жасөспірім балетіне, Испания ұлттық балетіне, Ла Скала балет мектебіне және тағы басқаларына арнап спектакльдер қойды. Мол тәжірибеге ие В.Цукетти классикалық балет дәстүрлерін заманауи би стильдерінің элементтерімен сәтті үйлестіріп, дүние жүзі көрермендерінің жанын тебірентетін туындылар жасауда.

«Freedom Festival-ге алғаш рет қатысқалы отырмыз. Осынау қызықты шараның Алматыда өтетінін еститінбіз, ал енді «Астана Опера» да оның бір бөлшегіне айналатынына қуаныштымыз. Бір жағынан бұл театр үшін олжа, өйткені біз Валентино Цукеттидің Souvenir de Danse жаңа қойылымын сыйлыққа аламыз. Мұндай шығармашылық тартуларға ие болу көңіл қуантады. Осының нәтижесінде қойылым театрдың тұрақты репертуарына енеді. Әртістеріміз бұрын шығармашылығымен танысып көрмеген жас хореографпен жұмыс істеу өздеріне ерекше қызықты екенін атап өтуде. Позитивті, креативті, дарынды жас Валентино біздің жұпқа ең жағымды әсер қалдырды. Бұл оларға жақсы тәжірибе болады деп ойлаймын, – деді балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова. – Қойылымға түрлі елдерден үш жұп, яғни әлемнің жетекші театрларының жұлдыздары қатысады. Әрине, бұл дамуға жағдай жасаумен қатар белгілі бір қиындықтар да алып келді. Хореографтың өзге елдердің әртістерімен дайындықты оффлайн жүргізгені, ал қазақстандық жұп – Бақтияр Адамжан мен Анастасия Заклинскаяның онымен онлайн дайындалғаны уақыт айырмашылығы, аппаратураның істен шығуы және дайындықтың өте тығыз мерзімде өтуі секілді күрделіліктер туғызды. Алайда қашықтық форматына қарамастан біздің жұп қойылымның күрделі де көлемді бөлігімен ынта қойып дайындалды. Балеттегі П.Чайковскийдің музыкасы өте әдемі. Баяу лирикалық сәттер қарқынды және әсерлі бөліктерге алмасты. Әртістерімізге жоғары шеберлік пен үлкен физикалық дайындықты қажет ететін ең жігерлі көрініс бұйырды. Біз қатты толқып тұрмыз, дегенмен нәтижесі барлық күш-жігерді ақтайды деген сенімдемін, - деп қорытындылады Ресейдің халық әртісі.

Сондай-ақ көрермендерді L-E-V театрының орындауында Koreless музыкасына израильдік хореограф Шарон Эяль қойған Into the Hairy бірактілі балетімен кездесу күтеді. Ш.Эяль биге деген өзінің батыл көзқарасымен белгілі. Сұлулық пен ғажайып арасында ойнайтын оның қойылымдары көрерменді беймәлім әлемге енуге мәжбүрлейді. Ш.Эяль Batsheva Dance Company әйгілі компаниясында жұмыс істеген, ал кейін балетке қатысты ерекше тәсілдерімен танымал болған L-E-V ұжымының негізін қалады.

Dior-дың креативті директоры Мария Грация Кьюридің қара шілтерден жасаған костюмдері қойылымның әсемдігін толықтырады. Сәнді костюмдер спектакльге айрықша сиқыр үстеп, балеттің әдемілігі мен асқақ сән өнерін өзіне біріктіреді.

Италиялық сыншы Мария Луиза Буцци Шарон Эяльдің жаңа қойылымын «қуатты әрі жұмбақ» деп бағалап, оның эмоциялық тереңдігі мен би пластикасына деген батыл көзқарасын атап өткен. Еуропа балетінің арасында зор қызығушылық туғызған спектакль енді қазақстандық көрерменді үшінші Freedom Festival аясында таңғалдыруға дайын.