00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Елордада «Наз» мемлекеттік би театрына арналған кітаптың тұсаукесері өтті

21 қараша, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Елордада «Наз» мемлекеттік би театрына арналған кітаптың тұсаукесері өтті
Фото: ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметінен

ҚР Ұлттық музейінің ғылыми кітапханасында «Наз» мемлекеттік би театры – ұлттық бидің феномені» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жиын барысында Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, мәдениет саласының үздігі, танымал радиожурналист Толқын Сұлтанның «Наз» мемлекеттік би театры. 25 жылдық белес» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Кітаптың тұсаукесер рәсімін Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі,  Қазақстан Халық әртісі Гүлжан Талпақова, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР дипломатиясына еңбегі сіңген қайраткер «Наз» би театрының рухани жанашыры Сайлау Батыршаұлы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР мәдениет үздігі, Қазақ КСР халық әртісі Шара Жиенқұлованың шәкірті Ғайникамал Бейсенова, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Тойған Ізім, Астана қаласы әкімдігі «Наз» мемлекеттік би театрының  директоры, ҚР мәдениет қайраткері, Хореография өнерінің қайраткерлері қоғамының төрағасы Еркебұлан Ағымбаев жасады.

Фото: ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметінен

Бұл кітап - «Наз» мемлекеттік би театры туралы жазылған алғашқы еңбек. «Наз» мемлекеттік би театры. 25 жылдық белес» кітабында театрдың шығармашылық жолы, қазақ ұлттық хореографиясына қосқан үлесі, ерекшелігі мен ұстанымдары жан-жақты қарастырылып, зерделенген.

«Осы кітапты жазсаң» деген ұсынысқа бір жыл ойланып, әрең келістім. Келіспеген себебім: аз уақытта материал жинап, оны қағазға түсіру, түсіну, қорытынды шығару оңай емес. Ал келіскен себебім: өзім қызмет ете жүріп, жан дүниеңнің осы әлеммен тұтасып, шабыт алып, әртістердің жанкештілігіне таң қалуым. Аз болса да, осы театрдың дамуына өз үлесімді қосып, көзқарасымды білдіргім келді. Бұл кітап әдеби көркем шығарма емес. Мұнда нақты деректерге сүйенген, осы театрдың қалыптасуына ықпал еткен азаматтар мен әртістердің естеліктері мен пікірлері жан-жақты әңгімеленеді», - деді Толқын Сұлтан.

Сондай-ақ экономика ғылымдарының докторы, профессор Сайлау Батыршаұлы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Бекболат Байсағатов, ҚР мәдениет қайраткері Оспан Сүлейменұлы кітап жайлы пікір білдірді.