Төрехан Сабырхан: Ересектер арасында Әлем чемпионы атансам деген мақсатым бар
Төрехан Сабырхан қараша айының басында ғана Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында топ жарып, «ең үздік боксшы» номинациясын иеленген еді. Қазіргі сәтте Астана төрінде ересектермен бірге оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Осы орайда болашағынан үміт күттірер 18 жастағы жерлесіміз алдағы мақсат-міндеттері туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
-Жасөспірім және жастар санатындағы барлық ойлаған жоспарларыңызды жүзеге асыра алдым деп ойлайсыз ба?
-69 салмақта бірнеше жыл ұлттық құраманы көшбасшысы болған, қазіргі сәтте қайта ұлттық құрама сапына оралып, Азия чемпионатына барғалы жатқан Абылайхан Жүсіпов ағамыз да жасөспірім, жастар санатында турнирлердің барлығында жеңіске жетіп, бірде-бір жеңілістің ащы дәмін татпады. Міне, енді бұл көрсеткішті мен де қайталап, Азия, Әлем чемпионы атандым.
-Сіз кейінгі 3 жылда қатты салмақ қостыңыз. Көптеген боксшылардың тағдырына қарасақ, салмақ көп қоспайды. Жоғары салмаққа көтерілуіңізге не түрткі болды?
-Иә, 2021 жылы – 52 келі, 2022 жылы – 57 келі, 2023 жылы – 63,5 келі, 2024 жылы – 67 келіде бақ сынап, жасөспірімдер мен жастар санатындағы жарыстарда чемпион атандым. Жасым өскен соң, салмағым да көтерілді. Барлығын жеке бапкерім Ілияс Оралбековпен ақылдаса отырып, шешім қабылдадық. World boxing ұйымына ауыссақ та, IBA ұйымының турнирлеріне қатысып жатырмыз. Бірақ өзіңізге белгілі, қос ұйымдағы салмақтар да әртүрлі.
Алдағы уақытта жаңа ұйымда қай салмақта өзіңізді қолайлы сезінесіз?
Бұйырса, желтоқсан айының 17-24 күндері аралығында Қарағанды қаласында өтетін Қазақстан чемпионатында 67 келіде бақ сынаймын. Ал жаңа жылдан кейін World boxing ұйымындағы жаңа 65 немесе 70 келі салмақтың қайсысын таңдайтынымызды әлі шешпедік. Барлығы өзімнің салмағымның артқанына байланысты болмақ.
-Көптеген боксшыларымыз Олимпиада чемпионы атанған соң, кәсіпқой бокста жұлдыз атануға ұмтылады. Әлемдік промоутерлер сізге назар аудара бастады ба?
-Иә, қазіргі сәтте әлемдік промоутерлер тарапынан 1-2 ұсыныс түсті. Бірақ басты назарым – әуесқой бокс. 2025 жылы ересектер арасында Әлем чемпионы атансам деген мақсатым бар. Ал Лос-Анджелес Олимпиадасында топ жарсам, кәсіпқой бокс туралы ойлануға болады.
-Ересектер санатында нешінші рет оқу-жаттығу жиынына қатыстыңыз?
-Бұған дейін жазда Шымкенттегі «Алматау» спорт кешенінде ересектер бірге жаттығу өткіздік. Алайда мен Черногориядағы жастар арасындағы Әлем чемпионатына дайындалсам, ересектер Шымкенттегі Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған халықаралық турнирді көздеді. Енді ресми түрде ересектер арасында оқу-жаттығу жиынына шақырылып, Дулат Бекбауов, Илья Калинин, Санатәлі Төлтаевпен бірге жаттықтым. Ал бүгін Кубадан келген Сорсано атты боксшымен спаррингке шықтық. Жақсы тәжірибе жинадым.
-Қазақ боксында ағайынды боксшылар көп. Бір үйден бірнеше боксшы болғанның қандай ерекшелігі бар?
-Ересектер ұлттық құрамасының оқу-жаттығуына алғаш рет шақырылып, ағам Махмұд Сабырханмен бірге дайындалып жатырмын. Жалпы бұл алғашқы және соңғы жайт емес. Бізден бөлек, қазіргі сәтте Даниал мен Нұрлан Сапарбай, егіз Айбек пен Нұрбек Оралбай бар. 1-2 жыл бұрын Төлтаевтар да болды. Жақсы жағы көп. Бір-бірімізге кеңесімізді аямаймыз. Бұйырса, алдағы уақытта Олимпиада ойындарында бірге жеңіс тұғырынан көрінуге ұмтыламыз.
-Сидней Олимпиадасында марқұм Бекзат Саттарханов 20 жасында ғана топ жарып еді. Бұл көрсеткішті Махмұд Сабырхан пандемияның кесірінен, ал сіз 19 жасқа толмағаннан жаңарта алмадыңыз. Әлі де ересектер арасында белгілі бір рекордты жаңарту жоспарыңызда бар ма?
-2028 жылға дейін екі Әлем чемпионатына қатысуды жоспарлаудамыз. Бүгінгі күнге дейін қазақ боксшыларының арасында әлі екі дүркін Олимпиада чемпионы шықпады. Осы жетістікке жету үшін тер төгемін.