Медициналық көмек көрсету үшін әр оқушыға қаржы бөлінеді – министр

Денсаулық сақтау министрлігінде өңірлердің әкімдері орынбасарларының, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармалары мен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері басшыларының қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Күн тәртібінде мектептердің жаңа оқу жылының басталуына дайындық мәселелері қаралды.Кеңес барысында білім беру нысандарының санитариялық жағдайы, оқушыларға медициналық көмекті ұйымдастыру, балалардың сырқаттанушылық деңгейі, сондай-ақ мектептердегі медициналық пункттердің жарақтандырылуы талқыланды.
Ақмарал Әлназарова оқудың қауіпсіз жағдайларын жасау және балалардың денсаулығын сақтау үшін жергілікті атқарушы органдар мектептерде жүйелі санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.
«Оқушыларға медициналық көмекті ұйымдастыруды күшейту, кадрлармен қамтамасыз ету, мектеп мейіргерлерінің біліктілігін арттыру және медициналық пункттердің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелерін шешу қажет. Мектептің әрбір медициналық пункті аумақтық қағидат бойынша емханаға бекітілген. Медициналық көмек көрсету үшін әр оқушыға жеткілікті қаржы бөлінеді», - деп атап өтті министр.
Профилактикалық қарап-тексерулердің нәтижелері бойынша мектеп оқушыларында анемия жиі кездесетіні анықталды.
Министр оқушылардың арасында анемияның профилактикасы мәселелеріне ерекше назар аударды. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы 1 қыркүйектен бастап күшіне енетін және балалардың жас қажеттіліктеріне жауап беретін теңгерімді және толыққанды тамақтануды қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тамақтану стандартына сәйкес мектеп мәзірін бекітуді тапсырды.
Сонымен қатар, кеңес барысында балалардағы стоматологиялық аурулардың профилактикасын күшейту қажеттілігі талқыланды.



