Елордада студенттер арасында алғашқы сот процесі ойындарының байқауы өтті


Бас прокурор Берік Асыловтың тапсырмасы бойынша «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында Астана қаласының прокуратурасы елордалық университеттер студенттері арасында ойын сот процестерінің I байқауын ұйымдастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жарысқа Л.Гумилев атындағы ЕҰУ және «Тұран-Астана» университеттерінің командалары қатысты.
Сот отырыстарының инсценировкалары толығымен студенттердің өз күшімен дайындалды. Жас заңгерлер қылмыстық заңнаманы білуін, процестік ойлау қабілетін, шығармашылық көзқарасын және актерлік шеберлігін көрсетті.
Қазылар алқасына қалалық прокуратура басшылығының өкілдері кірді, сондай-ақ байқауға арнайы қонақ ретінде танымал қазақстандық актер Артур Төлепов шақырылды, ол шараның көркін аша түсті.
Байқаудың екінші кезеңінде командалар «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға қатысты өз көзқарастарын ұсынды: «Тұран-Астана» университетінің студенттері авторлық өлең оқыса, ЕҰУ командасы мазмұнды презентация дайындады.
Іс-шара қорытындысы бойынша жеңімпаз команда анықталып, сондай-ақ жеке номинациялар бойынша үздік қатысушылар марапатталды. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар мен дипломдар табысталды.



