Ауыл оқушылары арасында өткен олимпиаданың облыстық кезеңі аяқталды
Ауыл оқушылары арасында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың III облыстық кезеңі аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Оған 12 мыңнан астам оқушы қатысты. Білім бәсекесі 93 тірек мектепте 13 пән бойынша өтті.
Олимпиаданың IV республикалық кезеңіне III кезеңде ең үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар (әр пән мен сынып бойынша екі қатысушыдан артық емес) қатысады:
• жаратылыстану-математикалық бағытта 9-11(12) сынып оқушылары;
• қоғамдық-гуманитарлық бағытта 10-11(12) сынып оқушылары.
«Оқу-ағарту министрлігі бастамашылық еткен Республикалық пәндік олимпиада ауылдық жерлерде білім беруді дамытудың маңызды кезеңіне айналды. Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар толық сүйемелденіп, келесі жарыстарға дайындалу үшін «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданады», - деп атап өтті «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов.
Естеріңізге сала кетейік, олимпиаданың бірінші кезеңіне 100 мыңнан астам оқушы қатысып, олардың 54 мыңға жуығы екінші кезеңге жолдама алды. Үшінші кезеңге өткен 12 мың қатысушының ішінен 1088-і республикалық кезеңге жолдама алады.
«Сонымен қатар, өткен жылғы жеңімпаздар биыл олимпиаданың республикалық кезеңіне (сол пән бойынша) конкурстан тыс қатысу мүмкіндігіне ие.Барлық қатысушыларға республикалық кезеңде сәттілік тілейміз!», - деп жазылған хабарламада.