Жаркентте кішкене ұлын аяусыз ұрып-соққан әйел қамауда отыр

Жаркентте кішкене ұлын аяусыз ұрып-соққан әйел қамауда отыр
Фото: freepik.com

Жетісу облысы Полиция департаментінің мәліметінше қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Панфилов ауданының Жаркент қаласында кішкене ұлына дене жарақатын келтіргені үшін анасының үстінен ҚР Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі (азаптау) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Сотқа дейінгі тергеуде қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тиісті сот-медициналық сараптамалар, соның ішінде күдіктіге сот-психиатриялық сараптама тағайындалды. Сарапшының қорытындысы әлі дайын емес. Күдіктіге қатысты қамауда ұстау шарасы қабылданған», делінген хабарламада.

Процессуалдық шешім сараптама нәтижелері әзір болып, тергеу іс-шаралары аяқталған соң қабылданады.

Еске сала кетсек, Жетісу облысында әйелдің баласын аяусыз ұрып-соғып жатқаны көрсетілген видео желіде таралды. Кейін оқиға Жаркентте болғаны, әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.