Жаркентте өз баласын аяусыз ұрған анаға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жетісу облысында кәмелетке толмаған өз баласын аяусыз ұрған ананың желіде тараған видеосы жұрттың жағасын ұстатты. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаркент қаласындағы WhatsApp топтарында таралған бейнежазба фактісі бойынша Панфилов аудандық полиция қызметкерлері жедел түрде тексеру жүргізіп, 28 жастағы әйелдің кәмелетке толмаған баласына дене жарақатын салғанын анықтады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, әйел қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қамқоршылық және қорғаншылық органының атына ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарау туралы тиісті ұсыныс жолданбақ.
«Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында. Тергеу нәтижесі бойынша кінәлілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады», - делінген хабарламада.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, балалар қазіргі уақытта қауіпсіз жерде. Зардап шеккен балаға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Балалардың жағдайы тұрақты, оларға психологиялық қолдау ұйымдастырылды.
«Қорғаншылық және қамқоршылық органдары заңнамада белгіленген тәртіппен ата-ана құқықтарынан айыру мәселесін қарайтын болады. Жағдай өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бақылауында», - деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінен.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін өткен жылы елімізде 3 заң қабылданып, 5 000 бала құқығы қорғалғанын жазған едік.