Астанада еліміздің 11 (12) сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша ХVІІІ Президенттік олимпиадасы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Олимпиаданың мақсаты – математика, физика, химия және биология пәндерінен қабілетті және талантты оқушыларды анықтау, оларды әрі қарай зияткерлік дамытуға және кәсіби бағдарлауға жағдай жасау. Сонымен қатар оқушылардың жаратылыстану-математикалық пәндерге қызығушылығын арттыру, теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын тереңдету көзделген.
Сайыс 3 кезеңнен тұрады. Бірінші (өңірлік) кезең – 6 қазанда өтті, оған 3 544 оқушы қатысты. Ал екінші іріктеу кезеңіне 414 оқушы қатысып, екі кезеңнің нәтижесінде 201 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды. Финалдық дода 17-21 қараша аралығында өтеді.
Айта кетейік, олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.