Жаңа Конституция Қазақстанның білімге негізделген экономикаға стратегиялық бетбұрысын айқындайды – ҒЖБМ
Қазақстан азаматтардың зияткерлік әлеуеті, кәсіби құзыреттері, зерттеу мәдениеті және технология қалыптастыру қабілеті негізгі рөл атқаратын жаңа даму моделіне көшіп келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, Конституцияның жаңа нормаларына сәйкес білім беру енді тек әлеуметтік қызмет ретінде қарастырылмайды. Ол экономикалық өсім мен инновациялық белсенділікті қамтамасыз ететін негізгі өндіргіш күшке айналмақ.
Бұл тәсіл жоғары оқу орындарын басқару жүйесінде, бюджеттік саясатта және халықаралық әріптестікті дамытуда көрініс табады. Сонымен қатар ғылымды қолдау тек білім беру саласының ғана емес, ұлттық экономика, өнеркәсіп және қорғаныс қабілетімен тікелей байланысты стратегиялық бағытқа айналып отыр.
«Конституция – бұл азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, әлеуметтік кепілдіктерді бекіту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру сияқты басым бағыттар айқындалған идеологиялық құжат. Жаңа Конституцияны таңдай отырып, біз Негізгі заңның баптарын жай ғана жаңартқан жоқпыз – біз әрбір азаматтың дауысы жасампаз күшке айналатын болашақтың архитектурасын қалыптастырдық», – деді Саясат Нұрбек.
Бұған дейін Астана мен Алатау қаласының мәртебесі арнайы конституциялық заңдармен бекітілетінін жаздық.