Астана мен Алатау қаласының мәртебесі арнайы конституциялық заңдармен бекітіледі

Астана мен Алатау қаласының мәртебесі арнайы конституциялық заңдармен бекітіледі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Жаңа Конституцияның нормаларын жүзеге асыру шеңберінде Астана мен Алатау қаласы үшін ерекше құқықтық режімді айқындайтын заң жобалары әзірленді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заң жобалары Алатау үшін «қарқынды даму қаласының» режімін енгізеді және қалалық ортаның сапасын арттыру үшін Астана мәртебесін нақтылайды. Алатауда озық халықаралық стандарттарды енгізу, пилотсыз көлік пен цифрлық активтерді дамыту жоспарланған. Елорда үшін қала құрылысы, көші-қон және көлік салаларында басқарудың ерекше тетіктері көзделген. Екі құжат та инвестициялар тартуға және жергілікті мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.

«Алатау қаласы бойынша заң жобасы салық салудың ерекше режимін қолдануды және инвестицияларды қорғауды көздейді. Астана бойынша біз елорданың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін басқару ерекшеліктерін бекітеміз. Алатау бойынша Парламентте екінші оқылым 27 наурызға жоспарланған, ал елорда мәртебесі бойынша заң жобасы осы жылдың сәуір айының соңына дейін Мәжіліске енгізілетін болады», - деді Серік Жұманғарин.  

Еске сала кетсек, Президент 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңнің негізгі жобасы болуға тиіс», деп мәлімдеген еді.