Жамбыл облысында 22 жасөспірім тамақтан уланып қалған

Жамбыл облысында 22 жасөспірім тамақтан уланып қалған
Фото: Оңалхан Өнерхан

Оқыс оқиға кеше түнде болған. 12–17 жас аралығындағы жасөспірімдер «Тұран» демалыс орнынан Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына жеткізілген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жамбыл облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Ауруханаға жүгінген науқастардың жағдайы жеңіл дәрежеде, денсаулығы қалыпты, дәрігерлердің бақылауында. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер Қызылорда облысынан Меркі ауданына күрестен оқу-жаттығу жиынына келген. Оларға алдын ала этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит диагнозы қойылды.

«Аурудың себептерін анықтау үшін науқастардан және тағам өнімдерінен зертханалық сараптамалар алынған, қазіргі таңда қорытындысы күтілуде. Аталған жағдай бойынша облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеру жүргізіп жатыр.Сонымен қатар бұл факті Меркі аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, құзырлы органның тексеру қорытындысы негізінде тиісті процестік шешім қабылданатын болады», делінген хабарламада.

Оқиға орнына облыс әкімінің орынбасарлары Айжан Есмағамбетова мен Серік Сәлемов келіп, жедел штаб отырысын өткізді.

Аталған демалыс орнында барлығы 103 жас спортшы мен 13 жаттықтырушы қоныстанған. Демалыс орнындағы басқа балалар тексеріліп, олардан ауру белгісі анықталмаған.

Еске салсақ, Тараз қаласының әкімшілік соты Байзақ ауданындағы дүкенде сатылған гамбургерден 12 оқушы уланып қалғанына қатысты істі қараған еді.