Жалған iPhone сатып алу туралы хабарламалар: жаңа фишинг схемасы анықталды
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы интернет-алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шетелдік дереккөздерге сәйкес, алаяқтар Apple және PayPal атауын пайдаланып, пайдаланушыларға iPhone құрылғысы сатып алынғаны туралы жалған электрондық хаттар жіберіп жатыр.
Хабарламалар сырттай ресми көрінеді, себебі жіберуші ретінде appleid@id.apple.com сияқты мекенжайлар қолданылған.
Хатта «iPhone сатып алынды» деп көрсетіліп, транзакцияны тоқтату үшін көрсетілген нөмірге хабарласу ұсынылады. Байланыс барысында алаяқтар өзін Apple қолдау қызметі ретінде таныстырып, аккаунт бұзылды деген сылтаумен қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын орнатуды; құпия деректер мен парольдерді беруді; психологиялық қысым жасау арқылы жедел әрекет етуді талап етеді.
Мамандар цифрлық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
«Күмәнді сілтемелерді ашпаңыз; ресми сервистер арқылы ғана тексеру жүргізіңіз; бөгде қосымшалар орнатпаңыз; екі факторлы аутентификацияны қосыңыз. Мұндай хабарламалар келген жағдайда ресми қолдау қызметіне жүгініп, құқық қорғау органдарына хабарлау ұсынылады», – делінген хабарламада.
Бұған дейін елордада кибералаяқтық деректері бойынша жүздеген іс қозғалғанын жазған болатынбыз.