Түркістан облысында 100 мың гектардан астам сортаң жер суармалы егістікке дайындалады

Бүгін, 09:12
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Түркістан облысында 100 мың гектардан астам сортаң жер суармалы егістікке дайындалады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

«Қазсушардың» Түркістан филиалы Жетісай және Мақтаарал аудандарында сор шаю жұмыстарын жүргізуді бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Жетісай ауданында 60,8 мың гектар, ал Мақтаарал ауданында 43,5 мың гектар суармалы алқапта осындай жұмыстарды жүргізу жоспарланған. Екі ауданда алқаптарды дайындау наурыз айының бірінші онкүндігінде аяқталмақ.

«Сор шаю – жердің тұздануына қарсы күрестің ең тиімді әдісі. Барлық жұмыс топырақтағы тұз мөлшері мен оның құрамын ескере отырып жүргізіліп жатыр», – деді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы директорының міндетін атқарушы Ербол Салихбаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сырдария өзені бассейнінде ауыл шаруашылығы дақылдарын суару режимдерін түзету мақсатында ауқымды зерттеу жүргізіліп жатқанын жазғанбыз.