Тоқаев: Сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді
Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дербес мемлекеттік орган ретінде өзіне жүктелген міндетті табысты орындағанын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
"Оған кінә арта алмаймыз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті де жемқорлықпен күреседі. Екі мекеменің бір міндетті қабаттаса атқаруы мемлекеттік маңызы бар жұмысқа кесірін тигізе бастады.
Сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күресу мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Бұған қатысты ешқандай күмән тумауға тиіс.
Қабылданған шешім қатардағы жемқорларды ғана емес, қылмыстық әрекеттің идеологтары мен ұйымдастырушыларын да жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қылмыстың алдын алу үшін түсіндіру және ағарту жұмыстарына әдеттегідей айрықша назар аударылады. Қазір бұл – мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құзырындағы міндет. Жалпы, жемқорлықтан аулақ болу қажеттігін балалардың құлағына жастайынан құя берген жөн. Бұл жерде мектептер, қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтар, әсіресе, ата-аналар шешуші рөл атқаруға тиіс. Сол кезде елімізде жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа мүлдем төзбеу мәдениеті қалыптасады" , - деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті санмен әуестенбей, сапаға мән беріп, жемқорлыққа қарсы нақты жұмыс жүргізетінін, сонда мемлекеттік қызметшілер құқық қорғау қызметкерлеріне жалтақтамай, батыл шешім қабылдайтынын атап өтті.
Еске сала кетейік, бүгін Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетінің бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбатын жариялағанын жаздық.