Шымкентте тағы бір қанды оқиға: Пышағы бар күдіктіні ұстау үшін полиция қару қолданды

Шымкентте тағы бір қанды оқиға: Пышағы бар күдіктіні ұстау үшін полиция қару қолданды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Шымкент тұрғынының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті жәбірленушіге арадағы кикілжіңге байланысты көшеде пышақ ала жүгірген, ал әйел адам сол жерде көз жұмды. Оқиға туралы полицияға куәгерлер хабарлады.

«Полиция қызметкерлері күдіктінің ізін суытпай қолға түсірді. Ұстау барысында қарулы күдікті қарсылық көрсеткен, сондықтан заң талаптарына сәйкес полиция қызметкерлері оған қарсы табельдік қару қолданды», делінген хабарламада.

Қазір күдікті медициналық мекемеге жеткізіліп, оған күзет қойылды.

Полицияның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетсек, Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуына қатысты істі Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына мұқият тексеруді  тапсырды. Ал 20 қаңтарда қала көшелерінің бірінде үш көліктегі отырғандар жанжал кезінде пышақтасты. Салдарынан бір адам қайтыс болды.