Су саласындағы ынтымақтастық: Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобында қандай нәтиже бар
Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы су саласындағы ынтымақтастық трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы үкіметаралық келісім негізінде жүзеге асырылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Аталған келісім аясында Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясы, сондай-ақ Ертіс, Есіл, Тобыл және Жайық өзендерінің бассейндері бойынша жұмыс топтары жұмыс істейді.
2024 жылы Ресей Федерациясымен шектес трансшекаралық өзендер бассейнінде болған су тасқыны кезеңінде уәкілетті органдардың әрекеттері үйлестіріліп, Жайық өзеніндегі тасқын суды 20 жыл бойы толмаған Қамыс-Самар көлдеріне бағытталса, Каспий теңізіне өзен арқылы 17 млрд текше метр су жіберілді.
«Сумен қамтылатын қорларды үйлестірілген басқарудың арқасында су тасқындары қаупі төмендетіліп, трансшекаралық өзендерді қауіпсіз әрі тұрақты пайдалану қамтамасыз етілді. Бұл жұмыс одан әрі жалғасуда», - деді Нұрлан Алдамжаров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар, Жайық өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимін үйлестіру жүргізіледі. Қазақстан өкілдері Ирикла су қоймасын басқаруға арналған ведомствоаралық топ жұмысына қатысып, көктемгі су тасқыны кезінде және жазда оның жұмыс режимін бірлесіп анықтайды.
Еске салсақ, Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Солтүстік Аралдың көлемін 34 текше шақырымға дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.