Семейлік танысына телефон бере тұрам деп несиеге белшесінен батты

Бүгін, 17:51
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Семейлік танысына телефон бере тұрам деп несиеге белшесінен батты
фото: Elordainfo.kz

Семей қаласының 49 жастағы тұрғыны алаяқтықтың құрбаны болғанын жергілікті полицияға мәлімдеген, деп хабарлады Elordainfo.kz Абай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жәбірленушінің айтуынша, танысы ұялы телефонын уақытша пайдалану сылтауымен алып, оның атына несие рәсімдеп, кейін ақшалай қаражатты иемденіп кеткен. Келтірілген шығын көлемі 1 500 000 теңгені құрады.

«Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде Семей қаласының 23 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Күдікті өз кінәсін мойындады. Ұрланған қаражат жұмсалып кеткендіктен тәркіленген жоқ.

«Аталған дерек бойынша «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бір мың сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін», - делінген хабарламада. 

Сондай-ақ мүлкін тәркілеу, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейін айыру қарастырылған.

Абай облысы Полиция департаменті азаматтарға қырағылық танытып, бөгде адамдарға ұялы телефондарын және жеке деректерін бермеуге кеңес береді.

Еске салайық, бұған дейін полиция алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескерткені туралы хабарладық.